
17–19 ақпан аралығында Ақтөбе облысының делегациясы жұмыс сапарымен Түркия Республикасында болды. Сапардың негізгі мақсаты – инвестициялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту, индустриялық аймақтарды басқару тәжірибесін зерделеу және екі ел бизнесі арасында тікелей байланыс орнату.
Делегация құрамына мемлекеттік органдар, кәсіпкерлік ұйымдар және құрылыс материалдары, логистика, IT, агроөнеркәсіп пен қоғамдық тамақтану салаларының өкілдері кірді.
Сапар бағдарламасының басты бөлігі – Бурса қаласында орналасқан Bursa Organize Sanayi Bölgesi индустриялық аймағына бару болды. 1960-жылдары құрылған бұл аймақ бүгінде 300-ден астам компанияны біріктіріп, Түркиядағы тиімді өндірістік кластерлердің біріне айналған.
Кездесу барысында делегация индустриялық аймақты басқару тетіктері, инвестициялық және салықтық жеңілдіктер жүйесі, инфрақұрылымдық шешімдер және резиденттерді қолдау тәжірибесімен танысты. Әсіресе бизнесті ынталандыруға бағытталған құралдар — салықтық жеңілдіктер, коммуналдық тарифтердің төмендігі, әкімшілік рәсімдерді оңайлату және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қолжетімділік ерекше қызығушылық тудырды.
Сала бойынша нақты келіссөздер де өтті. Құрылыс индустриясының өкілдері бетон мен темірбетон өнімдерін өндіру бағытындағы технологияларды талқылады. Логистика компаниялары түрік операторларымен ықтимал серіктестік мүмкіндігін қарастырса, қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлер бірлескен жобалар мен жабдық жеткізу мәселесін пысықтады.
Сонымен қатар туризм саласының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, саланы дамытудағы тиімді тәжірибелер айтылды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге, кооперациялық байланыстарды нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделі екенін растады. Алынған тәжірибе өңірдегі индустриялық аймақтарды дамыту мен кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін жетілдіруге қолданылмақ.
Жұмыс сапары Қазақстан мен Түркия арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.