
Ақтөбе автожол колледжін мектеп оқушылары бітіріп шықты. Білім мекемесінде эксперименттік білім беру бағдарламасы бойынша қаладағы №1 және 39 мектептердің жоғары сынып оқушылары білім алған. Олар "Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану" мамандығының "Автомобиль жөндеу слесарі" біліктілігі бойынша мамандық иесі атанды.
Арнайы жоба бойынша 2024-2025 оқу жылында 55 бала қабылданған. Оқу бағдарламасы 1,5 жылды құрайды. Оқушылар курсты толық аяқтағаннан кейін, қорытынды емтихан тапсырыпты. Былтырғы оқу жылында 25 оқушыға диплом табысталған. 3 жылға бекітілген эксперименттік жоба қорытындысы бойынша 83 бала қамтылып, оқуды сәтті бітірді. Мұндай жобалар оқушылар үшін үлкен мүмкіндік. Болашақта өз мамандықтарын табуға жол ашады.
Оқушылардың айтуынша, жобаға қатысқандардың кейбірі ұлттық біріңғай тестілеуде де осы мамандық бойынша бейіндік пәндер таңдаған. Бар мақсат - оқуды әрі қарай жалғастырып, үлкен маман иесі атану.
Бағдарлама Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жоба техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары базасында 10–11-сынып оқушыларын кәсіби даярлауға бағытталған.