
Өткен жылы облыстың 10 мәдени ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Сонымен қатар 4 нысан жаңадан бой көтерді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова мәлімдеді. Оның айтуынша, Жаңақоныс және Есет батыр тұрғын алабтарында жаңа мәдениет үйлері пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Темір ауданы Шұбарқұдық кентінде жаңадан салынған кітапхана мен Хромтау ауданы Көктөбе ауылында бой көтерген ауылдық клуб іске қосылды.
"2025 жылы өңірде 10 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Атап айтқанда, Шұбарқұдық кентіндегі мәдениет үйі, Қобда ауылындағы мәдениет үйі, Хромтау ауданы Қызылсу ауылдық клубы, Ойыл ауданы Қараой ауылдық клубы, Облыстық халық шығармашылығы орталығы, Ақтөбе қаласындағы «А.С. Пушкин атындағы №2 қалалық кітапхана», «С. Маршак атындағы №5 қалалық балалар кітапханасы», «№6 модельдік кітапхана» ғимараттары, Қобда ауданы Жиренқопа ауылдық клубы және Алға қаласындағы аудандық мәдениет үйі жаңартылды" - деді басқарма басшысы.
Атап өтейік, саланы одан әрі дамыту мақсатында басқармамен биыл да 4 жаңа құрылыс жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылында мәдениет үйі, Хромтау қаласында музей-архив, Қандыағаш қаласында шығармашылық орталығы және Ақтөбе қаласында музыкалық драма театры салынбақ. Сондай-ақ, 4 нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Олар: Мұғалжар, Қобда, Алға аудандарындағы мәдениет ошақтары.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар өңір тұрғындарының мәдени өмірге қолжетімділігін арттыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға және заманауи мәдени ортаны қалыптастыруға бағытталған.