Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасын қолдады

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасын қолдады

 

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырханның төрағалығымен өткен отырысының күн тәртібінде конституциялық реформа аясындағы бала құқықтарын қорғау мәселелері қаралды. Комиссия мүшелері аталған бағыттағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарына тоқталып, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды саралады.

Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айгүл Нұркееваның сөзінше, Қазақстан Конституциясының 30-бабына сәйкес, неке мен отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында екені нақты көрсетілген. Бұл – мемлекет отбасы мен балаларды қорғауды өзінің маңызды міндеті ретінде қарайтынын білдіреді.

«Отбасы – баланың ең алғашқы тәрбиесі басталатын орта. Бала ең алдымен отбасында мейірімділікке, сенімге, дұрыс мінез-құлыққа үйренеді. Сондықтан отбасын қорғау – баланы қорғау деген сөз. Конституцияға сәйкес, неке – ер мен әйелдің өз еркімен және тең құқықпен құрған, заңды түрде тіркелген одағы. Мұнда еріктілік пен теңдік қағидаттары басым. Ешкімді мәжбүрлеуге, кемсітуге, зорлық-зомбылық жасауға болмайды.Сондай-ақ, балаларды асырау мен тәрбиелеу – ата-ананың құқығы ғана емес, міндеті. Әрбір бала қамқорлық көруге, білім алуға, қауіпсіз өмір сүруге және құрметке лайық. Егер баланың құқығы бұзылса, мемлекет оны қорғауға міндетті», – деді Айгүл Нұркеева.

Жиында мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев, «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы және «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының өкілдері, Ш.Берсиев атындағы колледж директоры да сөз алып, жаңа Ата заң жобасына қатысты үн қосты.

Комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасын қолдады. Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыратындарын алға тартты.