Ақтөбеде арнайы экономикалық аймақтың директорлар кеңесі жаңартылды

Ақтөбеде арнайы экономикалық аймақтың директорлар кеңесі жаңартылды

 

2026 жылғы 13 ақпаннан бастап директорлар кеңесінің төрағасы болып Ерлан Тілеуқабылов тағайындалды. Ол еңбек жолын «Зерде-Автоматика» ЖШС директорының орынбасары ретінде бастап, кейін аталған серіктестіктің және «Зерде-Строй» ЖШС атқарушы директоры қызметтерін атқарған. 2021 жылдың мамыр айынан бері «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС директоры болып жұмыс істеп келеді.

«Оның бизнес саласындағы мол тәжірибесі мен білімі Директорлар кеңесінің жұмысын тиімді басқаруға мүмкіндік береді деп сенемін», – деді облыс әкімі Асхат Шахаров «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағын дамыту мәселесіне арналған жиында.

Сонымен қатар, жаңа тәуелсіз директор ретінде «Қазақинвест» АҚ өңірлік директоры Бақытбек Есенғұлов тағайындалды. Ол қаржы, инвестициялық қызмет және корпоративтік басқару салаларында, сондай-ақ Қостанай облысы әкімдігінде түрлі лауазымдарды атқарған.

Жиын қорытындысында жаңа құрам алдына әлеуетті инвесторлармен келіссөздерді жандандырып, нақты іске қосылатын жобалар санын арттыру тапсырылды.