
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалық өткен аппарат мәжілісінде Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайды батыс өңірдің заманауи авиациялық және логистикалық хабына айналдыру перспективалары талқыланды.
«Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай» АҚ басқарма төрағасы Дастан Малиевтің айтуынша, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша әуежай барлық өндірістік процестің тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етіп, екі жылдық аэродром сертификатын алды. 298 қызметкер оқытудан өтті, сондай-ақ әуежай авиакомпаниялар мен халықаралық ұйымдардың 10 аудитінен сәтті өтті.
«Былтыр жолаушылар ағыны тарихта алғаш рет миллион адамнан асты. Маршруттық желінің кеңеюі мен жаңа авиакомпаниялардың келуі өңірдің көлік қолжетімділігін айтарлықтай жақсартып, халықаралық байланыстарымызды нығайтты. 2025 жылы біз Шарм-эль-Шейх – Air Cairo, Доха мен Фукуок – SCAT, сондай-ақ Стамбул – Pegasus Airlines әуе компаниялары жаңа халықаралық бағыттарды ашты. 2026 жылы желіні одан әрі кеңейтіп, Баку, Мәскеу, Тбилиси, Нячанг және Үрімші бағыттарына рейстер ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Дастан Малиев.
Отын және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылуда. ҚазМұнайГаз-Аэро компаниясымен бірлесіп JET-A1 отынына арналған заманауи модульдік қойма және халықаралық стандарттарға сай жанармай кешені салынуда. Инвестицияның жалпы көлемі 5 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Жүк инфрақұрылымын дамыту аясында S SISTEM инвесторының қатысуымен заманауи логистикалық кешен жобасы жүзеге асуда. Ол жүк өңдеу, e-commerce инфрақұрылымы және қауіпті жүктерге арналған нысандарды қамтиды. Нәтижесінде жүк айналымы өсіп, жеткізу мерзімі қысқарып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтіліп отыр.
Өңір басшысы терминал, ұшу-қону жолағы және жерүсті қызметтерінің болашақтағы жүктемесінің дайындығына, түрік инвесторымен бірге әуежайды мультимодальды хабқа айналдыру жобасының іске асуы, 2026 жылға жоспарланған халықаралық бағыттардың әзірлігіне назар аударды.
Сонымен қатар облыс әкімі «Ақтөбе – Атырау» рейсін қайта жандандыру немесе балама әуе қатынасын ұйымдастыру қажеттігін айтты.
Асхат Шахаров әуежай өңірдің ғана емес, бүкіл елдің батыс қақпасы ретіндегі стратегиялық маңызын алға тартты. Ол терминалдың өткізу қабілетін арттыруды, логистикалық инфрақұрылымды кешенді жаңғыртуды, ұшу географиясын кеңейтуді, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруды, ұшу-қону жолағының жағдайын тұрақты бақылауда ұстау және қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ өңір басшысы 2026–2030 жылдарға арналған әуежайды дамыту жөніндегі кешенді жоспарды нақты іске асыру мерзімдері, қаржыландыру көздері және жауапты тұлғалармен бірге әзірлеп, бекітуге ұсынуды тапсырды.
«Ақтөбеге келген әрбір тұрғын мен қонақ әуежайға түскен сәттен-ақ өңірдің даму қарқынын сезінуі тиіс. Жоспарланған жобаларды іске асыру халықаралық стандарттарға сай заманауи мультимодальды хаб құрып, Батыс Қазақстанның логистикалық әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді», – деді Асхат Шахаров.