
Бүгін Асхат Шахаров азаматтарды жеке мәселелері бойынша онлайн форматта қабылдады. Қабылдау облыс әкімдігінің мәжіліс залында өтті.
Қабылдау Мемлекет басшысының «Құлақ асатын мемлекет» қағидасы аясында ұйымдастырылып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тікелей тыңдауға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында Ақтөбе қаласының тұрғыны М.Байманов Ойыл ауданындағы шабындық жер мәселесін қозғады. «Ерекше жандар» қоғамдық бірлестігінің өкілі бірлестікке мамандар қажеттілігі жөнінде мәселе көтерсе, Н.Абишева «Ветеран» бау-бақша ұжымындағы жер теліміне газ тарту және шағын кәсіп ашу үшін павильон орналастыруға көмек сұрады. Бейнеконференц байланыс аясында кәсіпкерлік бағыттағы мәселелер де қаралды. «TRUCK CENTER« ЖШС өкілдері мемлекеттік тапсырысқа қатысты сауал қойды.
Қабылдау қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер бақылауға алынып, жауапты тұлғаларға нақты мерзімдер белгіленді. Облыс әкімі әрбір азаматтың өтініші мұқият қаралатынын және заң аясында тиісті шешім қабылданатынын жеткізді.
Айта кетейік, өңір басшысының азаматтарды қабылдауы тұрақты түрде жүргізіледі. Қабылдауға жазылу үшін Әбілқайыр хан даңғылы №40 мекенжайында орналасқан облыс әкімдігі ғимаратындағы (В.Пацаев көшесі жағынан) Азаматтарды қабылдау орталығына жүгінуге немесе «Е-өтініш» жүйесі арқылы онлайн өтініш қалдыруға болады.
Барлық өтініш қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралады.