Аймақ басшысы Асхат Шахаров ЕО делегациясын қабылдады

Аймақ басшысы Асхат Шахаров ЕО делегациясын қабылдады

 

Ақтөбе облысына Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Бауэр бастаған делегация келді. Облыс әкімі Асхат Шахаров еуропалық серіктестермен кездесті.

Қонақтарды қарсы алған өңір басшысы делегацияға сапары үшін ризашылығын білдіріп, еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын алға тартты.

Оның айтуынша, Еуропалық Одақ Қазақстан үшін кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім аясындағы негізгі серіктестердің бірі болып қала береді. Өңірде өзара құрмет пен сенімге негізделген тұрақты әрі сындарлы қарым-қатынастар жоғары бағаланады.

Әкім Ақтөбе облысы елдегі жетекші индустриялық әрі инвестициялық тартымды өңірлердің бірі екенін жеткізді.

Аймақта инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынатын «Ақтөбе» индустриялық аймағы мен арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Облыс басшылығы еуропалық компаниялармен жаңа бірлескен жобаларды іске қосуға дайын.

Кездесу барысында тараптар ЕО басымдықтарымен ықпалдасу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, таза және сутекті энергетика, климаттық технологиялар, цифрлық инфрақұрылым мен жасанды интеллект, тұрақты агросектор, су ресурстарын басқару және экологиялық жобалар, сондай-ақ кадр даярлау және ESG қағидаттарын енгізу бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындысында тараптар ашық әрі прагматикалық диалогты жалғастыруға әзір екендерін растады.

«Ақтөбе облысы Еуропалық Одақпен ашық және ұзақмерзімді ынтымақтастыққа мүдделі. Біз өзара нақты пайда әкелетін бастамаларды қолдауға дайынбыз», – деді облыс әкімі.

Сапар қорытындысы бойынша өзара іс-қимылдың нақты тетіктерін одан әрі пысықтау туралы келісімге қол жеткізілді.