Ақтөбе қызмет көрсету колледжінде эксперименттік бағдарламаның алғашқы түлектері диплом алды

Ақтөбе қызмет көрсету колледжінде эксперименттік бағдарламаның алғашқы түлектері диплом алды

 

Ақтөбеде 10–11 сынып оқушыларына арналған эксперименттік білім беру бағдарламасының алғашқы түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Іс-шара Ақтөбе қызмет көрсету колледжінде ұйымдастырылды.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау және жастардың ерте кәсіптік бағдарын дамыту міндеттеріне сәйкес жүзеге асырылуда.

2024–2025 оқу жылында №39 және №1 қалалық мектептердің 40 оқушысы «Тігін өндірісі және киімдерді модельдеу» мамандығын меңгеріп, «Тігінші» біліктілігін алды. Бағдарлама аясында олар мектептегі жалпы білім беруді колледждегі кәсіби даярлықпен ұштастырып, екі білім беру бағытын тиімді біріктіре алды.

Оқу барысында оқушылар тігін өндірісінің заманауи технологияларын меңгеріп, колледж шеберханаларында практикалық дағдыларын жетілдірді. Сонымен қатар, әлеуметтік серіктес кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп, бейінді ұйымдарға экскурсияларға қатысты. Бұл формат оқушыларға тек теориямен шектелмей, болашақ мамандықтың қыр-сырын іс жүзінде танып-білуге мүмкіндік берді.

Барлық қатысушы қорытынды аттестациядан сәтті өтіп, жұмысшы біліктілігі бойынша дипломдарға ие болды. Көптеген түлек үшін бұл — алғашқы кәсіби жетістік әрі еңбек нарығына қадам басудағы маңызды белес. Жоба сондай-ақ жастар арасында еңбек құндылығын дәріптеп, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған.

Колледж басшылығының айтуынша, эксперименттік бағдарлама өзінің тиімділігін дәлелдеді. Алдағы уақытта жобаны кеңейтіп, мектеп оқушыларына ерте кәсіптік бағдар беру жұмысын жалғастыру жоспарланып отыр.