
Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық кентінде жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, тұрғындарға пәтердің кілті табысталды.
Салтанатты шараға аудан тұрғындары, жаңа қоныс иелері, ақсақалдар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Іс-шара барысында аудан әкімі А.Жақсылықов мемлекет тарапынан халықты қолжетімді баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Оның сөзінше, жаңа тұрғын үй – тек баспана емес, отбасылық тұрақтылық пен болашаққа деген сенімнің негізі.
Жаңа тұрғын үй кешені үш қабатты, барлығы - 27 пәтер. Пәтерлер заманауи талаптарға сай салынған және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған.
Баспана «Отбасы Банк» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының «Жалдамалы тұрғын үй» бағдарламасы аясында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға берілді. Құрылыс жұмыстарын «Алихан Ойл З» ЖШС жүргізген.
Жаңа пәтер иелері жобаның уақытылы әрі сапалы аяқталғанына ризашылық білдіріп, құрылысқа атсалысқан барлық маманға алғыстарын жеткізді.