
Ақтөбе облысында жол инфрақұрылымын кеңейтуге бағытталған ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі саналатын көлік-логистика саласының өңірдегі даму қарқыны жоғары.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда Қазақстанның транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін атап өткен еді. Осы тапсырма аясында Ақтөбе облысында республикалық маңыздағы үш автожолдың құрылысы биыл басталады.
Соңғы бір жылда өңірде 260 шақырым республикалық маңыздағы жол пайдалануға берілді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 90 пайызға дейін артты.
Былтыр құрылысы басталған «Самара–Шымкент» халықаралық дәлізінің Ақтөбе – Ұлғайсын учаскесінде жұмыстар жалғасады. Айтып өткен жөн, бұл жолдың Ақтөбеден Хромтаудың Ақжар ауылына дейінгі 28 шақырымдық бір бөлігі ашылды. Алдағы екі жылда 262 шақырым жол толықтай төрт жолақты болады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Торғай – Ырғыз» жолының құрылысы да қарқын алмақ. Қазір жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Ал «Бейнеу – Бозой – Сексеуіл» автожолының бір бөлігі Ақтөбе облысы арқылы өтеді. Бұл бағыттар елдің транзиттік әлеуетін бірнеше есеге арттыруы мүмкін.
Жалпы, 2025 жылы облыста 590 шақырым жол жөнделіп, 92 жоба аяқталған. «Ақтөбе-Орск», «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» автомобиль жолдары жөнделді. Биыл облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың құрылысына 30 миллиард теңге бөлінді.