Ақтөбеде төтенше жағдайлар қызметіне жаңа техникалардың кілттері табысталды

Ақтөбеде төтенше жағдайлар қызметіне жаңа техникалардың кілттері табысталды

 

Бүгін Ақтөбеде облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қызметтік жаңа техникалардың кілттерін табыстау рәсімі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов және Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысты.
Рәсім барысында министр мен облыс әкімі құтқарушыларға жаңа арнайы автокөліктердің кілттерін салтанатты түрде табыстады.

21 бірлік жаңа техника Ақтөбе қаласы мен облыстың 6 ауданына сатып алынды. Оның ішінде 12 жүріс қабілеті жоғары жедел-жеңіл автокөлік, екі әуе қайығы, екі - «КамАз» және өзге де техникалар бар. Айтып өтейік, былтыр жергілікті бюджеттен  2 млрдтан астам қаражат бөлініп, 20 бірлік арнайы техника алынған еді.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың сөзінше, бұл шараның өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызы зор.

«Біздің ортақ міндетіміз - халықтың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «табиғи және техногендік апаттарды болдырмауға, алдын алуға жаңа заман құтқарушыларын даярлауға ерекше назар аудару қажет» деген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірімізде жүйелі түрде жүзеге асып келеді, игі істер әлі де жалғасады», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Жаңа техникалар өңірдегі құтқару бөлімшелерінің қауқарын күшейтіп, жедел әрекет ету мүмкіндігін еселей түспек.