
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың жұмысын үйлестіру мәселелері талқыланды.
Комиссия жұмысына облыстық прокуратура, полиция департаменті, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының өкілдері, сондай-ақ Ақтөбе қаласы және аудан әкімдері қатысты.
Облыс прокурорының орынбасары Айбек Тағыберген 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енетін «Құқықбұзушылықтың профилактикасы туралы» жаңа Заңның негізгі ережелерін түсіндірді. Атап айтқанда, қылмыстың алдын алуда жүйелі тәсілді қалыптастыру, жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейту, қоғамдық көмекшілердің рөлін күшейту, жеке профилактиканың жаңа шараларын енгізу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне тоқталды.
Облыстық прокуратура басқармасы бастығының орынбасары Темір Бекетов өңірде «Айқын нәтиже» жобасының жүзеге асырылуы туралы баяндады. Жоба Бас прокуратураның бастамасымен «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» жаңа Заң аясында іске қосылған. Оның мақсаты – формальді жұмыстан бас тартып, проблемалық аумақтарда қылмыс деңгейін нақты төмендету, құқықбұзушылықтың себептерін жою және орындаушылардың жеке жауапкершілігін қамтамасыз ету. Жоспар қылмысқа талдау жүргізуді, қоғамды тартуды, патрульдеуді, жастармен жұмысты және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын қамтиды.
Жобаны іске асыру құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге, қайталанатын жағдайлардың алдын алуға, шағымдар санын қысқартуға және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлап, жыл басынан бері тіркелген қылмыстар саны шамамен 18 пайызға азайғанын, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың да төмендегенін атап өтті. Сондай-ақ бейнебақылау жүйесінің кеңейтілуі, учаскелік полиция пункттерінің жаңғыртылуы және «Цифрлық полиция» жобасының енгізілуі жедел әрекет ету мен қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейткенін жеткізді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұл жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысымен бірлескен талқылау барысында басым нысандар, көпірлер, қоршаулар мен ақпараттық экрандарды орнату мерзімдері, сондай-ақ зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету мәселелері айқындалды.
Құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша облыс әкімі Асхат Шахаров жауапты құрылымдарға жоспарланған шараларды жедел іске асыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
«Барлық жоспарланған іс-шаралар уақытылы әрі сапалы орындалуы тиіс. Негізгі назар кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер, қиын отбасылар және есепте тұрған азаматтармен жұмысқа, сондай-ақ жолдар мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге аударылуы қажет. Органдар үйлесімді әрекет етіп, жұмыс нәтижелері тұрақты түрде бағаланып отыруы тиіс», – деп атап өтті облыс әкімі.
Өңір басшысы патрульдеуді күшейтуді, «Цифрлық полиция» және «Айқын нәтиже» жобаларын кеңінен енгізуді, сондай-ақ қоғамдық орындар мен жолдардағы құқықтық тәртіптің сақталуын бақылауды тапсырды.