Өңірде ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту ұйымдарының саны артуда

Өңірде ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту ұйымдарының саны артуда

Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Ainala» оңалту орталығы жұмысын бастайды. Ауылдағы алғашқы орталық 3-тен 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек пен әлеуметтік бейімделу қызметтерін бірдей көрсетеді. Жылына орталық 840 балаға дейін қызмет көрсете алады. Сондай-ақ, өңірлік сұранысқа байланысты қабылданатын балалар саны арттырылады.

«Ainala» орталығының ерекшелігі – күндізгі стационар немесе толық госпитализация режимінде қызмет алу мүмкіндігі. Бұл, әсіресе, жақын ауылдық елді мекендердегі отбасылардың оңалтуды үздіксіз алуы үшін маңызды.

Орталықта АВА-терапия кабинеттері, емдік гимнастика және механотерапия залдары, сенсорлық интеграцияға арналған кеңістіктер, тұзды бөлме, иммерсивті ванна, еңбек және арт-терапия шеберханалары бар. Ем-дом неврологтар, психологтар, логопедтер, дефектологтар және ЕДШ нұсқаушыларынан тұратын көпсалалы топ бақылауымен жүргізіледі.

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, жоба «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бастамасымен, «Baquatty Aimaq Qory» қоры және облыс әкімдігінің серіктестігімен жүзеге асырылуда.