
Мемлекеттік қызметте этикалық нормаларды сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ 2026 жылға арналған өңірдегі ветеринария саласының даму перспективалары облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды.
Бірінші мәселемен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілманов баяндама жасады. Ол мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге, мансаптық өсудің гибридтік моделін енгізуге, кадрлық үдерістерді цифрландыруға және мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасы жөнінде ақпарат берді.
Этика мәселелеріне аса көңіл бөлінді: мінез-құлық нормаларын сақтау, бюрократия мен сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, әлеуметтік желілерде жұмыс істеу қағидалары, кибербуллинг пен құмар ойындарға тыйым салу. Баяндамашы этикалық нормалардың сақталуына жауапкершілік, ең алдымен, басшыларға жүктелетінін, олардың қарамағындағы қызметкерлерге үлгі болуы тиіс екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ тиімді мемлекеттік қызмет тек қызметкерлердің жаңа мәдениетін қалыптастыру арқылы мүмкін екені айтылды. Ол – адалдыққа, жауапкершілікке, қоғам мүддесіне қызмет етуге және азаматтардың сеніміне негізделген мәдениет.
Облыс әкімі мемлекеттік қызметтің жаңа мәдениетін қалыптастыруда жүйелі бақылау мен басшылардың жеке қатысуының маңыздылығын атап өтті.
«Әрбір басшы жаңа заң талаптарының орындалуын және Әдеп кодексінің сақталуын жеке бақылауы қажет. Жұмыс ашық, адал және жауапты болуы тиіс, кез келген заңбұзушылыққа жедел әрекет ету керек. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана азаматтардың сенімін нығайтып, тиімді мемлекеттік қызмет құра аламыз», – деді өңір басшысы.
Екінші мәселе – 2025 жылдың қорытындылары туралы ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай баяндады. Оның айтуынша, облыста ауыл шаруашылығы жануарларының 2,3 миллионнан астам басы 13 аса қауіпті ауруға қарсы толықтай вакцинацияланған. Үй жануарлары сырға, чип және GPS-құрылғылар арқылы толық сәйкестендіріліп, ірі және ұсақ мал, жылқылар, шошқалар мен түйелердің 800 мыңнан астамы бірыңғай тізілімге енгізілген.
2026 жылға 9 миллионнан астам вакцинациялау және серологиялық зерттеу жүргізу, ветеринариялық пункттер мен мал қорымдарын қоса алғанда 167 нысан салу және жабдықтау, сондай-ақ модульдік ветеринариялық станциялар мен жабдықтар сатып алу жоспарланып отыр. Эпизоотиялық жағдай тұрақты, алайда цифрландыру, вакцинацияны бақылау және жануарларды есепке алу жұмыстары жалғасын табады. Барлық шаралар өңірдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және аса қауіпті аурулардың алдын алуға бағытталған.
Облыс әкімі ветеринария саласының өңірдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызын сөз етті. Ол материалдық-техникалық базаны жаңартуды, инфрақұрылымды кеңейтуді, кадрлық әлеуетті күшейтуді және барлық үдерісті толық цифрландыруды жалғастыруды тапсырды.