Ақтөбе облысында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға қаржы көлемі артты

Ақтөбе облысында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға қаржы көлемі артты

 

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXIII сессиясы барысында 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау мәселелері қаралды.

Сессия жұмысына облыс әкімі Асхат Шахаров пен облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, депутат Нұрлан Махамбетов қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов негізгі баяндама жасады. Ол 2026 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау аясында 18,1 млрд теңге көлемінде кірістер мен қалдықтарды қайта бөлу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қаражаттың едәуір бөлігі даму бюджеті және әлеуметтік нысандар құрылысына бағытталды. Сондай-ақ газ және су құбырларын салуға, жарықтандыруға, автомобиль жолдарын қайта жаңғырту мен күрделі жөндеуге, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын және спорт нысандарына арналған қазандықтар салуға шығындар қарастырылған.

«Басым бағыттардың қатарында денсаулық сақтау ұйымдары үшін медициналық жабдықтар мен санитарлық автокөлік сатып алу, он жаңа мемлекеттік мектепті күтіп-ұстау, сондай-ақ жаңа үлгідегі пәндік кабинеттерді сатып алу көзделген. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубын қолдауға, облыстық құрама командаларды республикалық және халықаралық жарыстарға дайындау мен қатыстыруға, мәдениет және спорт ұйымдарының күрделі шығындары, әлеуметтік қызмет көрсету орталығына автокөлік алуға, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды несиелеуге қаражат бөлінеді», – деп атап өтті Абзал Әбдікәрімов.

Облыстық мәслихат депутаттары шығыстарды сапалы жоспарлау, бөлінген қаражатты толық әрі тиімді игеру қажеттігіне назар аударып, қаржылық заңбұзушылықтардың алдын алу үшін облыстық басқарма басшыларына атқарушылық тәртіпті күшейтуді ұсынды және бірқатар депутаттық сауал жолдады.

Облыс әкімінің орынбасары барлық жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанын алға тартты.

Атап айтқанда, нақтыланған бюджет бойынша негізгі қаржыландыру өңірдің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталды. Білім беру саласында мектептер салу мен жөндеуге, колледждердің IT-инфрақұрылымын дамытуға және мектепке дейінгі ұйымдарды жаңғыртуға 2,2 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Денсаулық сақтау саласына 2,5 млрд теңге бөлініп, ол медициналық жабдықтар сатып алуға, санитарлық автокөлік алуға және нысандардың инженерлік жүйелерін жөндеуге бағытталады. Спортты, жол және көлік инфрақұрылымын, энергетиканы, газдандыру мен сумен жабдықтауды дамытуға жиынтығында 7 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, мәдениет, халықты жұмыспен қамтуды және су ресурстарын басқаруды дамытуға, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды кредиттеуге қаржы бөлінеді.

Облыс әкімі Асхат Шахаров облыстық бюджет қаражатын тиімді пайдалану бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Ең алдымен, ол салалық басқармалар басшыларына әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысына бақылауды күшейтуді, жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ бюджет қаражатының барынша ашық және ұтымды жұмсалуын тапсырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында реформаларды жүзеге асыру мен бюджет саясатының тиімділігін арттырудың маңызын атап өтті. Біз облыстық бюджет қаражатының мақсатты әрі ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл ең алдымен әлеуметтік және инвестициялық саладағы бюджеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауға қатысты. Білім беру, медицина және спорт нысандарын салу мен жөндеудің сапасы мен мерзіміне, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына ерекше назар аудару қажет. Жауапты басқармаларға жобалардың орындалу барысын қатаң бақылауды, анықталған мәселелерді мерзімінде жоюды және бюджет қаражатының ашық пайдаланылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жол салу мен жөндеу, көлік қолжетімділігін жақсарту, газдандыру және сумен жабдықтау жұмыстарын жандандырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған барлық жоспарланған іс-шаралардың тиімді әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету қажет», – деді өңір басшысы.

Берілген тапсырмалар облыс әкімінің жеке бақылауында болады, олардың орындалуы нақты нәтижелерге қол жеткізу және өңір халқының өмір сапасын жақсарту мақсатында жүйелі түрде тексеріледі.