Ақтөбеде Қаржылық мониторинг агенттігінің 5 жылдығына арналған салтанатты шара өтті

Ақтөбеде Қаржылық мониторинг агенттігінің 5 жылдығына арналған салтанатты шара өтті
 
 
 Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің құрылғанына биыл – 5 жыл. Атаулы күнге орай Ақтөбедегі Шығармашылық академиясының ғимаратында салтанатты шара өтті.
 Салтанатты жиынға қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйлеп, Қаржылық мониторинг агенттігінің экономикалық және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды. Агенттік қысқа мерзім ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген.
 «Бес жыл деген аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде көп жұмыс атқарылды, біраз тәжірибе жинақталды. Агенттік еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналды. Бұл жолда аға буынның, қызметкерлердің еңбегі орасан», — деп атап өтті Асхат Шахаров.
 Өңір басшысы былтырғы жылы жобалау және құрылыс саласында анықталған заңбұзушылықтар нәтижесінде 5,3 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты үнемделгенін айтты. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарығында жүргізілген мониторинг барысында шекті сауда үстемақысын негізсіз арттырудың 27 фактісі анықталып, артық делдалдық буындарға жол берілмегенін жеткізді. Жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам мүлікке тыйым салынған.
 Сондай-ақ облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті кеңінен енгізу қажеттігі туралы тапсырмаларын алға тарта отырып, Қаржылық мониторинг агенттігінің заманауи технологиялық дамуынан артта қалмауы тиіс екенін атап өтті.
 Іс-шара аясында саланың дамуына үлес қосып жүрген 10 қызметкер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
 Салтанатты шарада облыс прокуроры Марат Әбішев, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы Қуат Әбдіханов та сөз сөйледі. Департамент басшысы 7 қызметкерге Агенттік медалін тақты.
 Ресми бөлімнен кейін қатысушылар назарына Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметі туралы бейнеролик көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды.