«Ақтөбе» ӘКК қызметінің қорытындылары мен алдағы жоспарлары облыс әкімдігінде талқыланды

«Ақтөбе» ӘКК қызметінің қорытындылары мен алдағы жоспарлары облыс әкімдігінде талқыланды

 

 «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ («Ақтөбе» ӘКК) қызметіне қатысты жиын облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өтті. Отырысқа Президент тапсырмасына сәйкес өңірдің инвестициялық омбудсмені міндетін атқарып отырған облыс прокуроры Марат Әбішев қатысты.

 Күн тәртібінде корпорацияның былтыр атқарған жұмысы, қол жеткізген нәтижелері және алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы есебі қаралды.

 Облыс әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өңірлік даму институттарын трансформациялаудағы шешуші рөлін бірнеше рет атап өткенін тілге тиек етті. Президент тапсырмасында формалды әкімшілендіруден бас тартып, өңірлердің экономикалық өсімінің нақты драйверіне айналуы, ашықтық, өзін-өзі ақтау және нарықтық тиімділік қағидаттарымен жұмыс істеуі, сондай-ақ жеке инвестициялар мен заманауи қаржы құралдарын белсенді тартуы тиіс. Осы тұрғыда «Ақтөбе» ӘКК жүзеге асырып жатқан трансформация Мемлекет басшысының орнықты өңірлік экономиканы дамыту жөніндегі стратегиялық ұстанымдарына толық сәйкес келеді.

 Басқарма төрағасы Әуез Таймбетов баяндамасында 2024 жылдан бастап корпорация өңірлік даму институтының орнықты моделін қалыптастыруға бағытталған кешенді трансформация жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Негізгі өзгерістердің қатарында ашық корпоративтік басқаруды енгізу, бизнес-процестерді цифрландыру, қаржылық тұрақтылықты арттыру және нарықтық қаржыландыру құралдарына көшу бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ӘКК табысқа қол жеткізіп, облыстық бюджетке тұрақты салық түсімдерін қамтамасыз етті, ал корпоративтік басқарудың тәуелсіз бағалауы «дамыған тәжірибе» деңгейін растады.

 Жиында инвестициялық қызмет пен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелеріне назар аударылды. «Ауыл Аманаты» және «Кең Дала-2» бағдарламалары аясында мыңдаған кәсіпкерге қолдау көрсетілгені, агроөнеркәсіптік кешенде және индустриялық аймақта жобалар жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді. Облыс әкімі индустриялық аймақ аумағын кеңейту мәселесін қарастыруды, жобалардың іске асырылуы мен пайдалануға берілуіне мониторингті күшейтуді, сондай-ақ салалық басқармалармен, «Ақтөбе» АЭА және «Kazakh Invest» АҚ-мен бірлесіп, жаңа әлеуетті инвесторларды тарту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

 Асхат Шахаров халықаралық кредиттік рейтинг алу «Ақтөбе» ӘКК мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылуы тиіс екенін алға тартты. Оның айтуынша, тәуелсіз кредиттік рейтингтің болуы инвесторлардың сенімін арттыруға және бюджет қаражатын пайдаланбай, нарықтық шарттармен қаржыландыру тартуға, соның ішінде облигациялар шығару мен борыштық нарық құралдарын қолдануға мүмкіндік береді.

 Осыған байланысты облыс әкімі барлық рәсімді аяқтап, Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігімен шартқа қол қою үшін нақты мерзімдер белгіледі, ал тиісті басқармалар мен ӘКК-ға бұл міндеттің үйлесімді әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

 Сондай-ақ тұрақтандыру қорының қызметіне көңіл бөлінді. Асхат Шахаров көкөніс өнімдерін сақтау шарттарына бақылауды күшейту қажеттігін айтты.

 «Тұрақтандыру қорының жұмысы жүйелі әрі ашық түрде ұйымдастырылуы тиіс. Ол баға тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған, сондықтан өнімді сақтау және өткізу кезеңдерінде барлық талаптың сақталуын қамтамасыз ету маңызды», – деп атап өтті облыс әкімі.

 Ауыл шаруашылығы басқармасы мен ӘКК-ға ішкі тексеру жүргізу, тауар өндірушілермен жасалған шарттық міндеттемелерді өзектендіру және өніммен жұмыс істеу кезеңдерінде жеке жауапкершілікті күшейту тапсырылды. ‍

 Облыс прокуроры Марат Әбішев қоғамды ашық әрі айқын ақпараттандырудың, сондай-ақ инвесторлар мен тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.