
Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Ainala» оңалту орталығы жұмысын бастайды.
Ауылдағы алғашқы орталық 3-тен 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек пен әлеуметтік бейімделу қызметтерін бірдей көрсетеді. Жылына орталық 840 балаға дейін қызмет көрсете алады. Сондай-ақ, өңірлік сұранысқа байланысты қабылданатын балалар саны арттырылады.«Ainala» орталығының ерекшелігі – күндізгі стационар немесе толық госпитализация режимінде қызмет алу мүмкіндігі. Бұл, әсіресе, жақын ауылдық елді мекендердегі отбасылардың оңалтуды үздіксіз алуы үшін маңызды.
Орталықта АВА-терапия кабинеттері, емдік гимнастика және механотерапия залдары, сенсорлық интеграцияға арналған кеңістіктер, тұзды бөлме, иммерсивті ванна, еңбек және арт-терапия шеберханалары бар. Ем-дом неврологтар, психологтар, логопедтер, дефектологтар және ЕДШ нұсқаушыларынан тұратын көпсалалы топ бақылауымен жүргізіледі.Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бастамасымен, «Baquatty Aimaq Qory» қоры және облыс әкімдігінің серіктестігімен жүзеге асырылуда.