Ақтөбе облысында егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесі талқыланды

Ақтөбе облысында егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесі талқыланды

 

Егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.

Президенттің ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында Үкімет егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізу міндетін қойғаны атап өтілді.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиевтің мәліметінше, 2026 жылы көктемгі дала жұмыстары 790 мың гектар аумақта жүргізіледі деп жоспарлануда, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 35 мың гектарға артық.

Жалпы алғанда, майлы дақылдар алқабын 75 мың гектарға, мал азықтық дақылдарды 277 мың гектарға, картопты 3,5 мың гектарға, көкөніс пен бақша дақылдарын 3,3 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Басқарма басшысы картоп пен көкөніс егістіктерін ұйымдасқан шаруашылықтар есебінен арттыру қажеттігіне назар аударды, себебі бұл дақылдардың шамамен 70%-ы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріліп, базарлар мен дүкендерге түспейді.

Сондай-ақ «Родники-Агро» ЖШС, «ДиЛэнд» ЖШС, «Құмқұдық» ЖШС, «Бұлақ» шаруа қожалығы сияқты шаруашылықтарда бұршақ тұқымдас дақылдар (ноқат, жасымық) алқаптарын ұлғайту көзделуде. Бұршақ тұқымдас дақылдар топырақты азотпен байытып, оның құнарлылығын арттыратыны және кейінгі дақылдардың өнімділігін көтеретіні сөз болды.

Асқар Жүсібалиев көктемгі егіс үшін 49 мың тонна тұқым қажет екенін, оның 41 мың тоннасы (83%) қазірдің өзінде дайындалғанын жеткізді. Аудандарда жетіспейтін тұқым көлемін толықтыру жұмыстары жүргізілуде, іріктеу және алдын ала келісімшарттар жасалуда. Сонымен қатар, басқа өңірлердегі тұқым шаруашылықтарының прайс-парақтары қалыптастырылып жатыр.

Дала жұмыстарын жүргізу үшін 7 914 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. 1,5 мың трактор, 1,4 мың сепкіш, 1,4 мың топырақ өңдеу техникасы және 100-ден астам жоғары өнімді егіс кешені жұмылдырылған. Техниканың орташа дайындығы 75%-ды құрайды, жөндеу жұмыстары жалғасуда.

«Кең дала-2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және күзгі орақ жұмыстарына жылдық 5% мөлшерлемемен несие беру жалғасуда. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалы және аудандардағы серіктес ұйымдар қаржыландыруды қамтамасыз етуде, сондай-ақ несиелерді «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ арқылы да алуға болады. Қазіргі таңда 1,5 млрд теңгеге несие берілді, өтінімдер қабылдау жалғасуда. Бұдан бөлек, өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 2,1 млрд теңге бөлінді», – деп мәлімдеді басқарма басшысы.

2026 жылға 60 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Тыңайтқыштардың құны 50%-ға дейін, ал отандық тыңайтқыштар үшін 60%-ға дейін субсидияланады. Аванстық субсидиялау арқылы фермерлер тыңайтқыштарды төмендетілген бағамен сатып ала алады.

Асқар Жүсібалиев агротехникалық талаптарды сақтамайтын, топырақ құнарлылығын арттыру жұмыстарын жүргізбейтін және өнімділікті көтеру шараларын қабылдамайтын фермерлерге қойылатын талаптар қатаңдатылатынын ескертті. Бұл талаптарды орындамаған шаруашылықтар мемлекеттік қолдау шараларынан айырылады.

Облыс әкімі жергілікті жерлердегі жұмысты жандандыруды, шаруашылықтармен бірлесе отырып минералдық тыңайтқыш енгізуді және көктемгі егіс науқанына дайындықты ұйымдастыруды, сондай-ақ егіс алқаптарының құрылымын сақтауды және картоп, көкөніс пен жоғары рентабельді дақылдар егістіктерін кеңейтуді тапсырды.