
Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды. Отырыста Мемлекет басшысының елді мекендерді көгалдандыру жөніндегі тапсырмасының орындалу нәтижелері талқыланды.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, 2021–2025 жылдар аралығында облыста жоспарға сәйкес 500 мың көшет отырғызылған. Былтырғы жылы қоғам өкілдерінің қатысуымен жасыл желектерді түгендеу жұмыстары басталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ағаштардың жерсіну деңгейі шамамен 60–70 пайыз.
«Осыған байланысты көшеттердің жерсінуін арттыру бағытындағы шараларды күшейтіп, су үнемдейтін тамшылатып суару жүйесін енгізу және климаттық жағдайларға төзімді ағаш түрлерін пайдалану қажет», – деді басқарма басшысы.
Биыл қала аумағында 15 гектар, ал әрбір аудан орталығында 10 гектардан жасыл аймақтар құру жоспарланып отыр. Көшеттердің жақсы жерсінуі үшін отырғызу алаңдары міндетті түрде қоршалып, суару жұмыстары ұйымдастырылады.
Қала және аудан әкімдіктеріне көшеттерді цифрлық мониторинг арқылы бақылап, деректерді тұрақты түрде жаңартып отыру ұсынылды.
«қала, аудан және ауылдық округ әкімдері тарапынан арнайы қоршалған аумақтарда шағын орман тәлімбақтарын ұйымдастыруды ұсынамыз. Атап айтқанда, бір ауылдық округ әкімдігі қалемшелеу әдісі арқылы 1 000 түп ағаш көшетін өсірген жағдайда, облыс бойынша шамамен 135 мың түп тал алу мүмкіндігі туындайды. Сондай-ақ келі қаппен қарағаш тұқымын жинап, еккен жағдайда шамамен 45–50 мың түп екпе материал алуға болады», – деп Исатай Еспағанбетов жасыл аймақтарды толықтырудың бір жолы ретінде ұсынысын жеткізді.
Басқарма басшысы сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» АҚ мен «Қазақстан темір жолы» компанияларына қарасты жол бойындағы жасыл аймақтардың қалпына келтіруді және толықтыруды қажет ететінін атап өтті. Сондай-ақ мекемелерді шағын орман тәлімбақтарын құруға тарту қажеттігін айтып, бұл мақсатта орман қоры аумағынан жер бөлу қарастырылғанын алға тартты.
Облыс әкімі көгалдандыру мен экологиялық ағартуда жүйелі тәсілдің маңыздылығына тоқталды.
«Көшеттерге тұрақты күтім жасауға, міндетті түрде қоршаулар мен суару жүйелерін орнатуға, Климаттық жағдайларға төзімді ағаш түрлерін отырғызу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында облыс аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған экопарктер құру жұмыстарын жандандыру қажет», – деді өңір басшысы.
Қала және аудан әкімдіктеріне жергілікті мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шағын орман тәлімбақтарын ұйымдастыру және отырғызу материалдарының қорын қалыптастыру мәселесін пысықтау тапсырылды. Ал «ҚазАвтоЖол» АҚ мен «Қазақстан темір жолы» компанияларына автомобиль және теміржол бойындағы орман белдеулерін қалпына келтіру және кеңейту жөнінде нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу жүктелді.