Ақтөбе облысында туризмді дамыту үшін шағын авиациялық пункттер салу жоспарланып отыр

Ақтөбе облысында туризмді дамыту үшін шағын авиациялық пункттер салу жоспарланып отыр

 

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өңірге жасаған жұмыс сапары барысында спорт және туристік инфрақұрылымның дамуымен танысты. Ол облыс әкімі Асхат Шахаровпен бірге спорт пен туризм саласындағы мемлекеттік бастамалар жүзеге асырылып жатқан бірқатар нысанды аралады.

Министр «Жекпе-жек» сарайында болып, онда семсерлесуден ашылған жаңа секциямен танысты, Мұз аренасына барып, шорт-трекпен айналысатын спортшылармен кездесті. Сондай-ақ үстел теннисі орталығының жұмысымен танысып, спорттық инфрақұрылымды қарап, жаттықтырушылармен және тәрбиеленушілермен жүздесті.

Ақтөбе облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов саланың даму қорытындылары мен басым бағыттары туралы баяндады. Оның сөзінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде көрсеткіштердің оң динамикасы байқалған, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмалары, оның ішінде «Ақтөбе» футбол клубын жекешелендіру жұмыстары орындалып жатыр.

Спорттық инфрақұрылымды дамытуға да көңіл бөлінді. Атап айтқанда, ALAN жобасы аясында Ақтөбе қаласындағы футбол алаңы жаңартылды, Хромтау қаласында FIFA ARENA бағдарламасы бойынша заманауи шағын футбол стадионы ашылды, Қандыағаш қаласының «Жастық» шағынауданында 200 орындық стадион пайдалануға берілді, сондай-ақ Алға ауданындағы Орталық стадион күрделі жөндеуден өтті.

Министрге жаңа нысандардың құрылысы бойынша жоспарлар да таныстырылды. Олардың қатарында 34 980 көрерменге арналған футбол стадионы мен 5 000 орындық заманауи спорт кешені бар. Қазіргі таңда екі нысан да құрылыс кезеңінде және өңірдегі ең ірі спорт нысандарына айналмақ.

Сондай-ақ басқа өңірлер мен шетелден білікті жаттықтырушыларды тартуға, соның ішінде шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, үстел теннисі және семсерлесу мамандарына, сондай-ақ балалар және бұқаралық спортты дамыту бағдарламаларын іске асыруға ерекше мән берілді.

Жұмыс сапары аясында Ербол Мырзабосынов «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығына барып, өңірдің туристік әлеуетімен танысты. Тараптар экотуризмді, санаторий-сауықтыру бағытын және жол бойындағы сервисті дамыту перспективаларын талқылады.

Әсіресе «Ақтолағай» борлы тауы маңында, Шалқар және Ырғыз аудандарында шағын авиациялық пункттер салу жоспарларына назар аударылды. Сонымен қатар «Досжан ишан Әзірет» мемориалдық кешені, «Қасқыр» сарқырамасы және «Абат-Байтақ» кесенесі сияқты туристік нысандарға апаратын жолдардың құрылысы мәселесі қаралды.

Министрдің айтуынша, аталған жобаларды жүзеге асыру туристік орындардың қолжетімділігін арттырып, ішкі туризмнің дамуына серпін береді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ішкі әуе қатынастарын және әуе көлігі инфрақұрылымын, оның ішінде өңірлердегі әуежайлар мен шағын авиациялық пункттерді дамытудың маңызын атап өтті. Бұл туристік нысандардың қолжетімділігін айтарлықтай жақсартады. Ақтөбе облысында мұндай жобалар бар, оларды жүзеге асыру арқылы жаңа ішкі бағыттарды ашып, туристер санын арттыру қажет», – деді Ербол Мырзабосынов.

Оның айтуынша, өңірдегі бірегей табиғи нысандар, санаторий-сауықтыру орталықтары мен дамыған жол бойы сервистері ішкі туризмнің өсуіне қолайлы жағдай жасап отыр.