Шалқар ауданында бір күнде екі ауылда жаңа спорт кешені ашылды

Шалқар ауданында бір күнде екі ауылда жаңа спорт кешені ашылды

 

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған екі маңызды әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Кішіқұм ауылдық округіне қарасты Шілікті және шалғай орналасқан Бозой ауылдарында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды.

Жаңа спорт нысандары Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында салынған. Құрылыстар Ұлттық қор, республикалық, облыстық және жергілікті бюджет қаражаттары есебінен қаржыландырылып, мердігер ретінде «BASPANA BUILD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс жүргізген.

Шілікті ауылындағы спорт кешенінің ашылу салтанатында ауыл тұрғындары мен жастар жаңа нысанның маңыздылығын атап өтті. Жас спортшы Қуаныш Сағитовтың айтуынша, бұл кешен ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне және спортпен тұрақты айналысуына жол ашады.

«Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Уақытты босқа өткізбей, спортпен шұғылдануға жағдай жасалды. Осы кешеннен болашақ чемпиондар шығады деп сенемін», – деді ол.

Ал Бозой ауылында ашылған спорт кешенінің жалпы құны 443,7 миллион теңгеден асады. Заманауи талаптарға сай салынған нысан ауыл тұрғындарының бұқаралық спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік береді.

Салтанатты шараларға Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов пен облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов қатысты. Аудан әкімі ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін алға тартты.

«Бұл спорт кешендері ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына мүмкіндік береді. Мемлекет қолдауының арқасында шалғай елді мекендерде де спортпен айналысуға қажетті жағдай жасалуда», – деді Жанболат Жидеханов.

Облыстық басқарма басшысы Мейрамбек Махамбетов те жаңа нысандардың әлеуметтік маңыздылығына тоқталды.

«Ауылдарда осындай спорт кешендерінің ашылуы бұқаралық спортты дамытуға және халық денсаулығын нығайтуға нақты серпін береді», – деді ол.

Шілікті ауылының тұрғыны, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аққайыр Малкешұлы да тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.

«Жаңа спорт кешенінің ашылғанына қуаныштымыз. Балаларымыз бен немерелеріміз осында келіп, спортпен айналысады. Іші жылы, жайлы, бәрі талапқа сай», – деді ауыл ақсақалы.

Жалпы, жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері Шалқар ауданы тұрғындарының спортпен тұрақты шұғылдануына, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және ауылдарда салауатты өмір салтын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.