Шалқар ауданында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді: Бозой ауылына серпін берген жоба

Шалқар ауданында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді: Бозой ауылына серпін берген жоба

 

Шалқар ауданының шалғай жатқан елдімекені Бозойда ауыл тұрғындары көптен күткен маңызды әлеуметтік нысан – заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.

Жаңа спорт кешенінің құрылысы Президенттің бұқаралық спортты дамыту тапсырмасына сәйкес, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың нәтижесінде жүзеге асырылды. Жоба Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылып, жалпы құны 443,7 миллион теңгеден асты. Құрылыс жұмыстарын «BASPANA BUILD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Заманауи талаптарға сай салынған кешен ауыл тұрғындарына бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысуға мүмкіндік береді. Енді балалар мен жастардың бос уақыты тиімді ұйымдастырылып, ауылда салауатты өмір салтын қалыптастыруға нақты жағдай жасалып отыр.

Салтанатты шараға Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов пен облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов қатысты.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов жаңа нысанның ашылуы ауыл үшін үлкен оқиға екенін атап өтті.

«Бұл спорт кешені – ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды әрі нақты қадам. Мемлекет спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Жаңа нысан Бозой ауылының тұрғындары үшін салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жастарды спортқа баулуға үлкен мүмкіндік береді», – деді аудан басшысы.

Өз кезегінде Мейрамбек Махамбетов ауылдық елді мекендерде осындай спорт нысандарының салынуы өңір үшін аса маңызды екенін жеткізді.

«Ауылдарда заманауи спорт кешендерінің ашылуы – спорт саласын дамытудың басты бағыттарының бірі. Бұл кешен болашақта ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттырып, жаңа жетістіктерге жол ашады», – деді ол.

Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені алдағы уақытта ауыл тұрғындарына тұрақты қызмет көрсетіп, бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауға өз үлесін қоспақ.