
14 қаңтарда Ақтөбе қаласы мен Қобда ауданында аты аңызға айналған қаһарман жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқан күніне орай бірқатар еске алу және тағзым ету шаралары өтті.
Іс-шаралар Ақтөбе қаласындағы «Әлия» мемориалды кешенінде ұйымдастырылған «Елім деп соққан жүрегі» атты еске алу жиынымен басталды. Шара барысында батыр рухына гүл шоқтары қойылып, бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Еске алу шарасына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Әлия Молдағұлованың туыстары, зиялы қауым мен ардагерлер кеңесінің мүшелері, ҚР Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұлан мен әуе қорғаныс күштерінің әскери бөлімдері, «Халықтық ұжым» мәртебесіне ие «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі, «Әлия. Мәншүк. Хиуаз» әскери-патриоттық қыздар клубы және қала тұрғындары қатысты.
Мемориалды кешендегі жиыннан кейін тағзым ету шаралары Қобда ауданының орталығында, Әлия ауылы мен Бұлақ ауылындағы ескерткіштер алаңында жалғасты. Сондай-ақ «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай жарық көрген «Өшпес ерлік» кітабының таныстырылымы өтті. Еңбекте батырдың өмір жолы мен майдандағы ерлігі архивтік деректер мен бұрын-соңды жарияланбаған тың мәліметтер арқылы кеңінен қамтылған.
Бұдан бөлек, Қобда өңірінің тағы бір даңқты перзенті – Кеңес Одағының Батыры Иманғали Білтабановтың туған жері Білтабанов ауылында да еске алу және тағзым ету шарасы өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шаралардың негізгі мақсаты – елінің азаттығы жолында жанын қиған батырлардың рухына тағзым ету, олардың ерлігін жас ұрпақтың санасына сіңіру және патриоттық тәрбиені нығайту.