Ғалымжан Елеуов ауа райының қолайсыз жағдайында азық-түлікті жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша басымдықтарды атап көрсетті

Ғалымжан Елеуов ауа райының қолайсыз жағдайында азық-түлікті жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша басымдықтарды атап көрсетті

 

Ақтөбе облысында қолайсыз метеорологиялық болжамдарға байланысты азық-түлік қауіпсіздігі мен өнімді тұрақты жеткізу бойынша шұғыл жиын өтті. Кеңесті облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов сауда желілері мен бизнес өкілдерінің қатысуымен өткізді.

Ақтөбе ірі көлік-логистикалық торабында орналасқан, ал азық-түлік жүктерінің негізгі бөлігі автокөлікпен жеткізіледі. Республикалық және облыстық маңыздағы автожолдардың ауа райына байланысты жабылуы тасымалдың 2–5 тәулікке кешігуіне әкелуі мүмкін.

«Негізгі міндет – тасымалдау уақытша, қандай да бір жағдайға тап болған күннің өзінде, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тапшылығына және бағаның орынсыз өсуіне жол бермеу», – деді Ғалымжан Елеуов.

Жиын барысында жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды. Ең алдымен, жеткілікті азық-түлік қорын қалыптастыру мәселесі көтерілді. Сауда желілеріне бірінші кезектегі қажетті тауарлар — ұн, күнбағыс майы, түрлі жармалар, қант және көкөністер бойынша кемінде 15–20 күндік тұтынуға жететін «қауіпсіздік қорының» болуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Екінші басымдық логистикалық тәуекелдерді төмендетуге берілді. Кеңес қатысушыларына қолайсыз ауа райы ұзаққа созылған жағдайда автокөліктен теміржол көлігіне көшу мүмкіндігін қоса алғанда, баламалы жеткізу сызбаларын пысықтау ұсынылды.

Сондай-ақ қойма инфрақұрылымының тұрақтылығына баса назар аударылды. Қоймалардың электр қуатының үзілуіне дайындығы, резервтік қуат көздерінің болуы және өнімдерді сақтау кезінде тұрақты температуралық режимді қамтамасыз ету мәселелері тексерілуде.

Кеңес қорытындысы бойынша сауда желілеріне Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына апта сайын өнім қалдықтары туралы өзекті деректерді — табиғи көлемде де, тұтыну күндерімен де — ұсыну тапсырылды. Сонымен қатар, автожолдар жабылған жағдайда ТЖД және құқыққорғау органдарымен жедел үйлестіру үшін жолда жүрген жүк автокөліктерінің тізбесін қалыптастыру міндеттелді.

Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін — қол қойылған меморандумдар аясында 7%-дан асырмау қажеттігі ерекше атап өтілді. Ауа райы жағдайын сылтауратып белгіленген бағаның негізсіз өсуі қатаң түрде тоқтатылады.

Облыс басшылығы қойма терминалдары аумағындағы дизель-генераторлар мен қар тазалау техникасының дайындығын тексеру жөнінде де тапсырма берді. Қабылданған шешімдердің орындалуы тұрақты бақылауда болмақ.