
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасына сәйкес, 15 қаңтардан бастап ауа райының күрт нашарлауы мен ауа температурасының төмендеуіне байланысты Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев күзгі-қысқы жылыту маусымының өту барысы жөнінде жедел штабтың отырысын өткізді.
Жиын барысында Ақтөбе қаласының коммуналдық қызметтері мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының басшыларына, сондай-ақ облыс аудандарының әкімдіктеріне тәулік бойы жұмыс режиміне көшу, температуралық кестенің қатаң сақталуын қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар туындаған жағдайда қосымша апаттық бригадалар жасақтау тапсырылды.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік сала нысандары — балабақшалар, мектептер мен денсаулық сақтау ұйымдарын ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Ауа райы жағдайының өзгеруіне барлық ПИК пен МИБ-тің дайын болуын қамтамасыз ету, тұрғындардан келіп түсетін өтініштерге жедел әрекет ету міндеті де жеке тапсырма ретінде қойылды.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, қызметтер мен ұйымдардың басшыларына коммуналдық нысандардың ауа райының күрт өзгерістеріне жоғары дайындық деңгейін қамтамасыз ету, халықты уақытылы ақпараттандыру және энергиямен жабдықтау мен жылу беруде мүмкін ақау, апаттардың алдын алу міндеттелді.
Ағымдағы жағдай мен аталған тапсырмалардың орындалуын бақылау Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевқа жүктелді.