Қытай Халық Республикасының ірі компаниялары Ақтөбе облысымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік танытуда

Қытай Халық Республикасының ірі компаниялары Ақтөбе облысымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік танытуда

 

 Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаров Shaanxi Construction Engineering Sixth Construction Group Co. өңірлік компаниясының Орталық және Солтүстік Азия бойынша бас директордың орынбасары Ли Хуцзюнь бастаған Қытай Халық Республикасының делегациясымен кездесті.

Қонақтарды қарсы алған өңір басшысы қытай тарапына сапары және Ақтөбе облысына білдірген қызығушылығы үшін алғысын білдіріп, өңірдің өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге ашық екенін атап өтті.

 «Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас дәстүрлі түрде достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік рухында дамып келеді. Елдеріміздің көшбасшылары барлық деңгейде, әсіресе инвестициялық салада өзара ықпалдастықты жүйелі түрде нығайтуда. Қытай компанияларының Ақтөбе облысына деген қызығушылығына қуаныштымыз, олардың мүмкіндіктерін жақсы білеміз және жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Асхат Шахаров.

 Кездесу барысында Қытай Халық Республикасы өңірдің негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала беретіні айтылды. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы мен ҚХР арасындағы тауар айналымы 776,8 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт – 601,4 млн доллар, импорт – 175,4 млн доллар.

Shaanxi Construction Engineering Sixth Construction Group Co. компаниясы Қытайдың ең ірі мемлекеттік құрылыс корпорацияларының бірі – Shaanxi Construction Engineering Group құрамына кіреді. Корпорация Қытайда және шетелдерде ауқымды өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып келеді. Компанияның ынтымақтастыққа қызығушылығы Ақтөбе облысының жоғары инвестициялық әлеуетін және халықаралық серіктестер үшін тартымдылығын айқын көрсетеді.

Ли Хуцзюнь мырза жылы қабылдау үшін ризашылығын білдіріп, SCEGCS компаниясының Ақтөбе облысымен ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін, сондай-ақ өңірдегі қолайлы инвестициялық ахуалды сөз етті.

Кездесуді қорытындылаған Асхат Шахаров қытай делегациясының сапары жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға және серіктестік байланыстарды одан әрі нығайтуға маңызды қадам болатынына сенім білдірді.