Ақтөбе облысындағы агроөнеркәсіп кешенінің дамуы

Ақтөбе облысындағы агроөнеркәсіп кешенінің дамуы

Ауыл – елдің алтын өзегі. Ауыл бар жерде – еңбек бар. Еңбек бар жерде – ырыс бар. Ал сол ырысты еселеу – Мемлекет басшысы айқындап берген аграрлық саясаттың басты бағыты.

2025 жылы өңіріміздің агроөнеркәсіптік кешені экономиканың нақты тірегіне айналды. Мемлекеттік қолдау, инвестиция және ауыл адамына деген сенім бір арнаға тоғысты.

Биыл 383 миллиард теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі – 102 пайыз. Бұл – тұрақты өсімнің, жүйелі жұмыстың айқын дәлелі.

Ауыл шаруашылығын қолдауға жергілікті бюджеттен 15 миллиард теңге бағытталды. Қаржы мал мен өсімдік шаруашылығын дамытуға, инвестициялық жобаларға және шаруаларға көрсетілген тікелей қолдауға жұмсалды.

Мал шаруашылығына – 4,8 млрд теңге, өсімдік шаруашылығына – 1,8 млрд теңге, жеңілдетілген несиелер мен инвестициялық субсидияларға қомақты қаражат бөлінді. Бұл – шаруа үшін мүмкіндік, ауыл үшін тұрақтылық.

Инвестиция – болашаққа салынған капитал. Салаға 62 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жалпы құны 11,6 миллиард теңгені құрайтын 7 ірі жоба іске асырылды.

Солардың бірі – «АЙС» серіктестігінің сүт-тауарлы фермасы. Кезең-кезеңімен жүзеге асқан бұл жоба заманауи технологияға негізделген. Шетелден асыл тұқымды ірі қара жеткізілді. Енді өңірдегі сүт өндірісі жылына 20 мың тоннаға дейін артуы тиіс.

Сондай-ақ, «Kazfeltec» жүнді қайта өңдеу жобасы - шикізат емес, дайын өнімге бет бұрған нақты қадам болды.

«Ауыл аманаты» – ауыл кәсіпкерінің тірегі. Жоба аясында 16,7 миллиард теңгеге жуық 3 мыңға жуық жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде мал басы тұрақты өсім көрсетті. Ет, сүт өндірісі артты. Ал егін алқаптарында мыңдаған тонна астық, майлы дақыл, картоп пен көкөніс жиналды.

Ауыл күшейсе, ел күшейеді. Еңбек жанданса, береке артады.