
Бүгін облыс әкімдігінде сауда саласындағы өзара ынтымақтастық және 2026 жылға арналған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын бақылау жөніндегі меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Құжатқа Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, «Анвар» сауда желісі директорының орынбасары Аслан Қайырғалиев және «Дина» сауда желісінің директоры Есболай Жаңабаев қол қойды.
Меморандум алдағы жылы инфляциялық үдерістерді тежеуге және халықты қолдауға бағытталған. Келісімнің негізгі тармағы – сауда желілерінің ең жоғары рұқсат етілген сауда үстемесін төмендету туралы шешімі болды.
2026 жылға арналған тараптардың негізгі міндеттемелері:
Сауда үстемесін 7%-ға дейін төмендету:
«Анвар» және «Дина» сауда желілері заңнамада рұқсат етілген 15% орнына барлық 31 атаулы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша сауда үстемесін 7%-дан асырмау жөніндегі міндеттемені ресми түрде бекітті.
Азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету:
Тараптар бірінші кезектегі қажетті тауарлардың дүкен сөрелерінде үздіксіз жеткізілуін және жеткілікті мөлшерде болуын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
Бағаны бақылау:
Әкімдік пен ритейл өкілдері 2026 жыл бойы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында бірлескен мониторинг жүргізеді.
«Осы меморандумның 2026 жылға жасалуы – өңір тұрғындары үшін азық-түлік өнімдерінің экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Біз бизнестің халыққа түсіністікпен қарап, әлеуметтік тұрақтылық үшін өз пайдасын шектеуге дайын екендігін жоғары бағалаймыз», – деп атап өтті кездесуде Ғалымжан Елеуов.
Сауда үстемесін 7%-ға дейін төмендету ұн, нан, макарон өнімдері, жармалар, күнбағыс және сары май, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, жұмыртқа, тұз, сондай-ақ көкөніс өнімдері сияқты тауарларды қамтиды.
Бастама Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі.