Ақтөбе облысы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде

Ақтөбе облысы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде


 Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов инвестиция тарту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне арналған шетелдік дипломатиялық миссиялар өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Кездесулер барысында «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағына инвестиция тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

 Екіжақты кездесулерге Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, Түрік Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Мустафа Капуджу, Біріккен Араб Әмірліктері Елшісінің орынбасары Айша Альмесмари,сондай-ақ Оңтүстік Корея Республикасының Елшісінің орынбасары Син Кюхо қатысты.

 Тараптар Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуетін, экономиканың басым бағыттарын және «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы аясында өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым және аграрлық секторда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

 Абзал Әбдікәрімов облыстың шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге және серіктестікті дамытуға толық дайын екенін атап өтті:

«Ақтөбе облысы жаңа инвестицияларға ашық және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін барынша қолайлы жағдай жасауға дайын».


 Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестікті дамытуға қызығушылықтарын растады.