
Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту, өңірлер арасындағы байланысты күшейту, ауыл мен қаланы жақындату жөніндегі нақты тапсырмалары Ақтөбе облысында жыл сайын кең көлемде жүзеге асырылып келеді. Өңірде жалпы ұзындығы 711,8 шақырымды қамтитын 200 жол жобасы іске асырылды.
Республикалық маңызы бар жолдарда 14 жоба жүзеге асты, соның 12 жобасы толық аяқталды. Бұл - 252 шақырым жол. Нәтижесінде, облыстағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 84 пайыздан 90 пайызға дейін артты.
Стратегиялық маңызы бар «Самара – Шымкент» автожолының Ақтөбе – Ұлғайсын бағытында қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл Ақтөбе – Хромтау учаскесінде 28 шақырым жол жөнделіп, төрт жолақты автожолдың екі жолағы көлік қозғалысына ашылды.
Сонымен қатар, Орталық пен Батысты жалғайтын «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» республикалық автожолында орташа жөндеу қарқынды. 401 шақырымды құрайтын бұл бағыттың 110 шақырымы биыл толық пайдалануға берілді.
Жергілікті жолдар да назардан тыс қалған жоқ. 68,2 миллиард теңгеге 186 жоба іске асырылып, нәтижесінде, 591 шақырымнан астам жол, сондай-ақ 132 су өткізгіш құбыр мен 5 көпір жөндеуден өтті.
Осылайша жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 78 пайыздан 82 пайызға дейін өсті.