
Мұғалжар ауданына қарасты Ембі қаласында 1905 жылы салынған №4 орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Білім ордасын жаңарту - қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың бір бөлігі.
Күрделі жөндеу барысында мектептің ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары толық жаңартылып, терезелер, есіктер мен едендер ауыстырылды. Сондай-ақ ғимараттың қасбеті, шатыры мен қоршауы жөнделіп, барлық инженерлік желілер — жылу жүйесі, су құбыры, кәріз және электр желілері толық жаңғыртылды.
Жөндеу жұмыстарына «ABYROI Group» ЖШС мердігер ұйымы жауапты болды. Техникалық және авторлық қадағалауды салалық компаниялар жүзеге асырды.
Үшінші тоқсаннан бастап оқушылар жаңартылған мектепте білім алады. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, 120 жылдық тарихы бар оқу орны бүгінде заманауи талаптарға сай келіп, балалардың білім алуы мен дамуына қолайлы әрі функционалды кеңістікке айналды.