
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында облыс әкімдігінде еңбек адамдарына арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Облыс әкімі Асхат Шахаров өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін түрлі сала өкілдеріне Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын табыстады.
Өз сөзінде облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауын еңбек адамдарына көрсетілген зор құрметтің айқын дәлелі екенін атап өтті.
«Бұл шешім жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін арттыруға, еңбек адамына лайықты құрмет көрсетуге және кәсіби шеберлікті дамытуға бағытталған маңызды қадам. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты. Сіздердей адал азаматтар – еліміздің тірегі, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы», – деді Асхат Шахаров.
Шара барысында кәсіби шеберлігі, жауапкершілігі және ұзақ жылдар бойғы еңбегі үшін Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградаларының бірі – III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен – «KEGOC» АҚ электрослесарі Дәкібаев Ерболат Жақсылықұлы, Ақтөбе облысы әкімдігінің іс басқармасының көлік жүргізушісі Көбегенов Әлмұрат Игильманұлы, «Aqtobe su-energy group» АҚ слесарі Құрманалин Жарылқасын Әбдешұлы, «Энергосистема» ЖШС Ырғыз электр желілері учаскесінің электрмонтері Төкешов Руслан Миронұлы наградталды.
Облыс әкімі бұл марапат жеке жетістік қана емес, барлық еңбек адамына көрсетілген құрмет пен сенімнің белгісі екенін алға тартып, марапат иелеріне мықты денсаулық, отбасыларына амандық және еңбектеріне табыс тіледі.