Бағдарлама басталады: «Aqtobe Jastary» III кезеңінде 70 жас отбасы баспаналы болады

Бағдарлама басталады: «Aqtobe Jastary» III кезеңінде 70 жас отбасы баспаналы болады

 

Ақтөбе облысында жастар мен жас отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында іске асырылып келе жатқан «Aqtobe Jastary» бағдарламасының III кезеңі басталмақ. 2023–2024 жылдары бағдарлама аясында 109 жас отбасы баспаналы болған.

Жаңа кезеңде шамамен 70 жас отбасы баспаналы болады деп жоспарланып отыр. Бағдарлама бойынша берілетін кредиттің ең жоғарғы сомасы 15 миллион теңгені құрап, төлем мерзімі 19 жылға дейін белгіленген. Пайыздық мөлшерлеме жылына 5 пайыз, бастапқы жарна 10 пайыз көлемінде. Қатысушылар тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан сатып ала алады.

Өтінімдер ЭЦҚ арқылы Ақтөбе облысының өңірлік геоақпараттық жүйесінде eaqtobe.kz 2026 жылғы 6–20 қаңтар аралығында қабылданады. Қабылдау аяқталған соң комиссия қатысушыларды 14 күнтізбелік күн ішінде іріктеп, алдын ала тізімді жариялайды. Тізімге енген азаматтар 10 күн ішінде «Отбасы банк» АҚ-да төлем қабілеттілігін растайды. Оң нәтиже шыққан жағдайда, 30 жұмыс күні ішінде тұрғын үй таңдалып, кредит рәсімделеді. Бағдарламаға Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында тұрғын үйі болмауы шарт. Қатысушының жасы 18–34 жас аралығында болуы қажет, жұбайының жасы шектелмейді.Ерлі-зайыптылардан тек бір адам ғана негізгі қатысушы ретінде бағдарламаға қатыса алады.

Бала күтімі бойынша демалыстағы үміткерлер үшін төлем қабілеттілікті растау құқығы жұбайына беріледі, ал жұбайы жоқ болса – жақын туысына. Алайда жақын туыстардан тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі жоқ.

Тұрғын үй өтініш берушінің жұмыс орны орналасқан немесе сол ауданның өзге елді мекенінен болуы тиіс. Қатысушының Ақтөбе облысында ресми жұмыс өтілі соңғы алты айда болуы және міндетті зейнетақы жарналары аударылған болуы қажет. Сонымен қатар, үміткер бағдарламада көрсетілген басым салаларда кемінде алты ай еңбек өтілі болуы керек.

Бағдарламаға өтініш беру үшін қажетті құжаттар: • Өтініш (жүйеде автоматты жасалады); • Жеке куәлік көшірмесі; • Білім туралы құжат көшірмесі; • Неке қию туралы куәлік (бар болса); • Балалардың туу туралы куәліктері (бар болса); • Отбасы мүшелерінің жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтамасы; • Зейнетақы жарналары аударылғанын растайтын үзінді; • Еңбек қызметі туралы анықтама немесе еңбек кітапшасы; • Әлеуметтік жағынан осал топқа жататынын растайтын құжат (бар болса); • «Отбасы банк» АҚ жинақ шоты туралы анықтама; • Төлем қабілеттілікті растайтын құжат; • Жұмыс орнынан анықтама.

Құжаттар pdf, jpeg немесе PNG форматында қабылданады.

Өтініш берушілерді іріктеу баллдық жүйе бойынша жүргізіледі. Бір баласы бар үміткерге 3 балл, әр қосымша бала үшін 1 балл қосылады. Еңбек өтілінің әр жылы – 0,5 балл. Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға – 1 балл. Ауылдық елді мекендерде үздіксіз жұмыс істегендерге – 1 балл. Аудан орталықтары, шағын қалалар, ауылдар немесе кенттерде тұрғын үй сатып алғандарға – 5 балл. Максималды несие сомасынан әр 10 пайыз өз қаражаты үшін – 1 балл.