Өңірдің дамуына және кәсіби білім беруге үлес қосқан ақтөбеліктер марапатталды

Өңірдің дамуына және кәсіби білім беруге үлес қосқан ақтөбеліктер марапатталды

 

Ақтөбе қаласында «Білім. Дағды. Болашақ» халықаралық форумы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланды. Күннің екінші жартысында Өнер орталығында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Асхат Шахаров пен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова қатысты.

Өңір басшысы бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға, еңбек адамының мәртебесін арттыру және жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттау мәселелеріне тоқталды.

«Ақтөбе облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждерді дамыту және сұранысқа ие мамандар даярлау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінде өңірдегі 40 колледжде 28 мыңнан астам студент білім алып, техникалық және технологиялық бағыттарды қоса алғанда, заманауи мамандықтарды меңгеруде. Біз колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартып, дуалды оқытуды енгізіп, педагогтердің біліктілігін арттырумен қатар, озық халықаралық тәжірибені қолданудамыз. Жастардың кәсіби бағдарлануына ерекше көңіл бөлінуде. Олар үшін шеберлік сабақтары, өндірістік экскурсиялар және колледждерде ашық есік күндері ұйымдастырылып, мектеп оқушыларының болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына мүмкіндік берілуде. Жұмысшы мамандықтар жылы кәсіби білім беруді дамытудағы маңызды қадам болды. Әрбір студент, педагог және маманның еңбегі өңіріміз бен еліміздің болашағы үшін зор құндылыққа ие», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

Облыс әкімі сондай-ақ бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың басым бағыттарын атап өтіп, халықаралық ынтымақтастықтың маңызын ерекше көрсетті. Оның аясында оқытушылар шетелде тағылымдамадан өтіп, озық тәжірибені енгізуде. Сонымен қатар, IT-хабтың құрылысы мен тоғыз колледждің материалдық базасын нығайту туралы айтылып, бұл студенттерге сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге және практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова студенттердің кәсіби дағдыларын танудың жаңа тетіктерін сөз етті.

«Қазіргі таңда бес колледжде Certiport халықаралық платформасы пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Бұл жүйе бойынша 75 студент оқудан өтті. Колледждердегі жұмысшы мамандықтарға арналған мемлекеттік тапсырыс екі есе артты. Бұл шаралар студенттердің тек теориялық білім ғана емес, еңбек нарығында сұранысқа ие нақты практикалық дағдыларды меңгеруіне бағытталған. Кәсіби құзыреттерді халықаралық деңгейде мойындау түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтеді және олардың табысты еңбек етуіне жол ашады», – деді вице-министр.

Ресми бөлімнен кейін марапаттау рәсімі өтті. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және кәсіптік-техникалық білім беруге қосқан үлесі үшін бірқатар ақтөбелік облыс әкімінің Алғыс хаттарымен және Оқу-ағарту министрлігінің наградаларымен марапатталды.

Облыс әкімінің Алғыс хатына «Зәру» пантомен емдеу шипажайының ветеринар көмекшісі Мереке Аманкосов, «Ақтөбе асыл тұқымды кәсіпорны» ЖШС ветеринары Дулат Мырзағали, «Степное» ЖШС қызметкері Қуаныш Нұралы, «Вагонсервис» АҚ цех инспекторы Иклас Карин және басқа да еңбек адамдары ие болды. Вице-министр Шынар Ақпарова колледждер мен білім беру саласының қызметкерлеріне кәсіптік-техникалық білім беруді дамытуға және білікті мамандар даярлауға қосқан елеулі үлестері үшін марапаттар табыстады.

«Ыбырай Алтынсарин атындағы» төсбелгі білім беру саласының дамуына зор үлес қосқан педагогтерге берілді. Олардың қатарында Жоғары Еуропалық экономика, бизнес және құқық колледжінің құрылтайшысы Талғат Төремұратов, Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының директоры Дина Жаманбаева және Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар колледжінің директоры Таңжарық Қыдырбаев бар.

Халықаралық форум мен Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындылануы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және өңірде білікті кадрлар даярлаудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды кешенді алаңға айналды.