Өңір басшысы Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеуді талап етті

Өңір басшысы Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеуді талап етті
 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 9–17 желтоқсан аралығында аймақтағы баға индексі 99,9%-ды құрады. Соңғы бір аптада сәбіз бен пияз бағасы төмендеді. Тоқсан қорытындысы бойынша 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарынан тұратын азық-түлік себетінің құны 12 теңгеге арзандаған.

✅
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібековтің айтуынша, сиыр етін сатып алу жоспары ішінара орындалуда: 343 тоннаның 146,1 тоннасы ғана қамтамасыз етілген. Қалған көлемді толықтыру үшін алдын ала келісімдер жасалған. Сондай-ақ сауда үстемелеріне бақылау жалғасуда: жыл басынан бері 300-ден астам заңбұзушылық анықталып, 139 нысанға қатысты шаралар қабылданды.

Облыс әкімі салаға жауапты орынбасарына «Ақтөбе» ӘКК және шаруашылықтармен бірлесіп, сауда желілерінде, шағын базарларда және «Табыс» супермаркеттерінде баға мен азық-түлікпен қамтылуын бақылауды тапсырды.

«Жаңа жыл - отбасылық мереке. Әр отбасы дастархан жайып, дайындалатыны түсінікті. Адамдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына негізсіз жоғары бағамен бетпе-бет келмеуі тиіс. Бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, сауда үстемелерін қатаң бақылау, негізсіз қымбаттаудың алдын алу және тауарлардың сауда желілеріне үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету қажет», – деп атап өтті Асхат Шахаров.


Сондай-ақ ол әрбір аудан мен қалада өнімнің қолжетімділігі мен жеткізілім көлемі тұрақты түрде мониторингтен өтуі тиіс екенін қосты. Бағаны тұрақтандыру және бақылау мәселелері қала мен аудан әкімдерінің жеке жауапкершілігінде болады.