Ақтөбе облысында қайтарылған активтер есебінен тоғызыншы ауылдық медициналық пункт ашылды

Ақтөбе облысында қайтарылған активтер есебінен тоғызыншы ауылдық медициналық пункт ашылды


Ақтөбе облысында ел қазынасына қайтарылған активтер есебінен тағы бір медициналық нысан пайдалануға берілді. Бұл жолы Мұғалжар ауданына қарасты Жарық ауылында жаңа медициналық пункт ашылды. Әлеуметтік нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған.

Жарық ауылында 556 адам тұрады. Бұған дейін ауыл тұрғындарын медициналық көмекпен медбике тозығы жеткен ескі ғимаратта қабылдап келген. Жаңа медициналық пункттің ашылуын жергілікті халық көптен күтті. Қайтарылған активтер есебінен бөлінген 137 миллион теңге ғимарат құрылысы мен заманауи медициналық құрал-жабдық сатып алуға жұмсалған.

Ауыл тұрғыны Бақтыбай Қарабалиннің айтуынша, бұрын науқастар алдымен Ақкемер ауылына, одан әрі Қандыағаш қаласына жіберілетін.

«Енді ауылдың өзінде ем алуға мүмкіндік бар. Ғимарат жылы, жарық, барлық қажетті аппаратурамен жабдықталған. Өте қуаныштымыз», – дейді ол.

Ауылдық денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған ұлттық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – шалғай елді мекендерді алғашқы медициналық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету және жедел медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаевтың мәліметінше, жоба аясында өңірде 2023–2026 жылдар аралығында 29 медициналық нысан салу жоспарланған.

«Биыл 11 нысан тапсырылуы тиіс, қазіргі таңда соның 9-ы пайдалануға берілді. Қалған екеуі жыл соңына дейін аяқталады», – деді ол.