
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе облысында барлығы отыз екі нысанның құрылысы жоспарланған болатын. Бүгінде олардың көпшілігі пайдалануға берілді, ал кейбір нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Жобаның іске асу барысы мен нысандардың ағымдағы жағдайы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Серік Тажгулов мәлімдеді. Басқарма өкілі жобаның ауылдық жерлерде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін кешенді түрде жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында 2023–2026 жылдары Ақтөбе облысында 32 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Оның ішінде 29 нысан — бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) ұйымдары, ал 3-еуі — аудандық ауруханаларға арналған қосымша ғимараттар. 2025 жылы "Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту" ұлттық жобасы аясында жалпы сомасы 1,7 млрд. теңгеге 11 нысан пайдалануға беру жоспарланды. Оның ішінде арнайы ұлттық қордан - 1,3 млрд. теңге, облыстық бюджеттен – 400,0 млн. тг. сомасында қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда Алға, Мұғалжар, Шалқар, Ырғыз, Қобда, Байғанин аудандарында 9 нысан бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, 2 нысан бойынша, атап айтсақ, Мұғалжар ауданындағы Қайыңды ауылы мен Шалқар ауданындағы Тоғыз ауылындағы нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда", - деді Серік Тажгулов.
Айта кетейік, ұлттық жоба аясында 2023-2024 жылдары облыста 18 нысан пайдалануға беріліп, бүгінде ауыл тұрғындары игілігін көруде. Келер жылы Шалқар, Хромтау және Мұғалжар аудандық ауруханаларына 3 қосымша ғимарат салу жоспарланған.