Мәртөк ауданында тағы екі ауылға көгілдір отын берілді

Мәртөк ауданында тағы екі ауылға көгілдір отын берілді

 

Жыл басынан бері ауданның 9 ауылы газбен қамтылды.

Күні кеше Байторысай ауылдық округіне қарасты Покровка ауылында (49 аула, 131 тұрғын) және Қарашай ауылдық округіндегі Аққайың ауылында (124 аула, 440 тұрғын) газ жүйесі салтанатты түрде іске қосылды. Жаңа жоба ауыл халқының тұрмыс сапасын арттырып, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.

Газдың ашылу рәсіміне Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айтбаев Арысұлан мен Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов қатысты. Олар жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Жергілікті халық атқарылған жұмысқа ризашылық білдіріп отыр.

Айта кетейік, биыл Мәртөк ауданы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы атаулы дата қарсаңында 9 ауылдың газға қосылуы тұрғындар үшін ерекше сый болды. Көрсеткіш аудан тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтиже ретінде тіркелді.

Қазіргі таңда Мәртөк ауданына қарасты 32 елді мекеннің 23-і газбен қамтылған. Онда 27 843 адам тұрады, яғни аудан халқының 94 пайызы көгілдір отынға қол жеткізген. Осылайша, аудан тұрғындарының басым бөлігі табиғи газды пайдаланып отыр.

Алдағы уақытта аудандағы газдандырылмаған елді мекендерді кезең-кезеңімен қамту жұмыстары жалғасады.