Облыс әкімі тәжірибелі еуропалық маманның қатысуымен өткен жаттықтырушылар семинарына қатысты

Облыс әкімі тәжірибелі еуропалық маманның қатысуымен өткен жаттықтырушылар семинарына қатысты

 

Ақтөбе қаласында әлемге әйгілі жаттықтырушы Неван Цегнардың (Хорватия) жетекшілігімен «Үстел теннисінің жаңа дәуірі» атты бірегей оқу-жаттығу семинары өтіп жатыр.

Неван Цегнар – еуропалық үстел теннисіндегі ең беделді мамандардың бірі. Оның шәкірттері әлем және Еуропа чемпионаттарында 32 медаль жеңіп алған. Олардың қатарында әлемдік рейтингте екінші орынға дейін көтерілген атақты спортшы Тамара Борош, сондай-ақ Парижде өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері бар. Әр жылдары ол Хорватияның ұлттық құрамасын басқарды, сонымен қатар Австриядағы беделді Werner Schlager академиясында әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы болып жұмыс істеді.

Семинар жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін арттыруға, жас спортшылардың техникалық және тактикалық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ еуропалық заманауи дайындық әдістемелерін енгізуге бағытталған.

Іс-шара аясында облыс әкімі Асхат Шахаров Неван Цегнармен кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы спортты дамыту мәселелерін талқылап қана қоймай, атақты маманмен бірге үстел теннисі бойынша достық ойында да бақ сынады. Асхат Шахаров спортты дамыту және әлемдік деңгейдегі мамандарды тарту мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі екенін атап өтіп, мұндай бастамалар болашақ чемпиондардың қалыптасуына және өңірдің спорттық имиджін нығайтуға жағдай жасайтынын жеткізді.

Өз кезегінде Неван Цегнар балалардың спортқа деген қызығушылығын, сонымен қоса, спорттық инфрақұрылымдарға жоғары бағасын берді, алғысын жеткізді.

Айтып өтейік, жаттықтырушымен екіжылдық келісімшартқа қол қойылған. Құжат аясында ол ақтөбелік жас спортшыларды балабақшадан бастап үстел теннисін ойнауға тәрбиелейді.