Шалқар ауданының тағы үш ауылына газ берілді

Шалқар ауданының тағы үш ауылына газ берілді

 
 
Осылайша аудан бойынша газдандыру деңгейі 88,5 пайыздан 92,1 пайызға дейін өсті. Ал табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болғандар саны 38,7 мың адамға жетті. Қазіргі таңда аудандағы 30 елді мекеннің 12-сі көгілдір отынмен қамтылған.


 Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Бершүгір ауылдық округіне қарасты Бершүгір, Сарысай және Алабас ауылдарына көгілдір отын берілді. Жаңа инфрақұрылымның игілігін енді мыңдаған тұрғын көре алады.

 Аталған жоба облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тапсырысымен орындалды. Мердігер мекеме – «Ерзат» өндірістік кооперативі.

 Салтанатты шараға энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Даулетов, аудан әкімі Жанболат Жидеханов және ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Аудан басшысы құттықтау сөзінде бұл оқиғаның маңызына тоқталды.

 «Бүгін – Бершүгір ауылдық округі үшін тарихи күн. Көгілдір отынның іске қосылуы – Мемлекет басшысының елді мекендерді газдандыру жөніндегі тапсырмаларының нақты нәтижесі. Бұл жоба ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді», – деді әкім.


 Айта кетейік, газдандыру жұмыстары өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтып, ауыл халқының тұрмысын жеңілдетуге бағытталған.