
Азаматтарды қабылдау «Amanat» партиясының облыстық филиалының ғимаратында өтті.
Өңір басшысы Асхат Шахаров тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, қажетті түсіндірмелер берді.
Қабылдауға сонымен қатар, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Қуантайұлы, облыстық мәслихат депутаттары, қалалық мәслихат төрағасы Анар Даржанова, сондай-ақ басқарма басшылары да қатысты.
Өңір тұрғындары тұрғын үймен қамту, коммуналдық инфрақұрылым, газдандыру, кәсіпкерлерді қолдау және әлеуметтік салаға қатысты мәселелерді көтерді.
Өтініштердің басым бөлігі - тұрғын үй мәселесіне қатысты. Асхат Шахаров қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үй кезектен тыс берілмейтінін, баспана коммуналдық жалдамалы үйлер салынған және пайдалануға берілген сайын кезек тәртібімен ұсынылатынын әрбір азаматқа түсіндірді.
Қобда ауданы Ақсай ауылының тұрғыны шаруа қожалығын ашу үшін жер телімін беру туралы өтініш білдірді.
Сондай-ақ бір ақтөбелік медициналық көмек көрсетуге жәрдемдесуді сұрады.
Алға ауданы Болгарка ауылының тұрғындарын ауылішілік жолдардың жағдайы, мектеп пен балабақшаны жөндеу мәселелері алаңдатады.
Темір ауданы Сарытоғай ауылының тұрғыны ауылды газдандыру мәселесін көтерді.
Сонымен қатар, бір ақтөбелік автовокзал маңындағы жылу трассасының жағдайына назар аударуды сұрады. Қабылдау барысында қалалық инфрақұрылымды абаттандыруға қатысты өзге де мәселелер қозғалды.
Барлық өтініш тиісті органдардың қарауына алынды. Заң аясында жүзеге асады.