Терісаққан ауылында еліміздегі 110-шы ерікті өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді

 Терісаққан ауылында еліміздегі 110-шы ерікті өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді


Ақтөбе облысы Қобда ауданына қарасты Терісаққан ауылында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында жаңа ерікті өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді. Бұл – елімізде ашылған 110-шы ерікті өрт сөндіру пункті.

Президенттің азаматтық қорғау саласын нығайтуға қатысты тапсырмасы аясында Төтенше жағдайлар министрлігі ауылдық және шалғай елді мекендерде өрт қауіпсіздігін күшейтуді қолға алды.

Салтанатты шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев, облыстық ТЖД өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен ауыл тұрғындары қатысты.

Айта кетейік, ерікті өрт сөндіру пункті толықтай жергілікті кәсіпкер, ауыл тұрғыны, шаруа қожалығының басшысы Ерлан Қаспақов қолдауымен салынған.

Жаңа пункт өңірдің өртке қарсы қорғаныс жүйесіне енгізіліп, жалпы саны 1 815 адам тұратын үш елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

 Мамандардың айтуынша, Терісаққан ауылында ерікті өрт сөндіру пунктінің ашылуы Ақтөбе облысының ауылдық аумақтарындағы өртке қарсы қауіпсіздікті нығайтуға және тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға бағытталған маңызды қадам саналады.