Дияр ауылында кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындар біріге спорт залын салған

Дияр ауылында кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындар біріге спорт залын салған


Миялы ауылдық округіне қарасты Дияр ауылында әлеуметтік әріптестік аясында салынған заманауи спорт залының ашылу салтанаты өтті.

Байғанин ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Асхат Шахаров спорт залдың ашылуына қатысып, нысанды аралап көрді және ауыл тұрғындары үшін жасалған жағдайды жоғары бағалады.

Спорт залы кәсіпкерлердің қолдауымен және ауыл тұрғындарының бастамасымен салынды. Құрылысқа жалпы 40 миллион теңге жұмсалды. Жобаның негізгі демеушілері – «KMG Barlau» ЖШС, «West Precaspian Company» ЖШС, «Тат-Арқа» ЖШС және «Бақсейіс» шаруа қожалығы. Жергілікті бюджеттен 7 миллион теңге бөлінсе, ауыл тұрғындары өздері 3 миллион теңгеден астам қаражат жинап, кейбір жұмыстардың ақысын төледі. Спорт залы кейін мемлекеттік меншікке берілген. Мұнда балалар да, ересектер де спортпен айналыса алады.

Асхат Шахаров атқарылған істің маңыздылығына тоқталып, ауыл тұрғындары үшін жасалған жағдайға оң бағасын берді. Әрбір демеуші болған азаматтарды алғыс хатпен марапаттады.

«Ауыл тұрғындары бастама көтеріп, кәсіпкерлер қолдау көрсетті – міне, нәтижесі. Жаңа спорт залы спортпен шұғылдануға, денсаулықты нығайтуға және жастарды спортқа тартуға мүмкіндік береді. Бұл нысан бірлескен күш-жігердің ауыл өмірін қалай жақсарта алатынының айқын көрінісі. Президент әрқашан халықтың әл-ауқатын арттыруға, бұқаралық спортты дамытуға және жергілікті бастамаларды қолдауға баса мән беріп келеді. Осындай жобалар елді мекендердің әлеуметтік дамуына серпін беріп, өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына жол ашады», – деді өңір басшысы.


Қазіргі таңда Дияр ауылы газдандырылмаған, орталықтандырылған су жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Ауылда мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, балабақша және медициналық пункт жұмыс істейді.