Өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланды

 Өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланды

 
 Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында білім беру саласын дамыту мәселелері қаралды.
 

 Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, өңірде сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру және оның тұрақты дамуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. 2–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 95,2%-ға жетіп, республикалық орташа көрсеткішке сәйкес келеді. Биылғы жылы облыста 2 747 орынға арналған 33 балабақша ашылды. «Дара бала» платформасы арқылы ата-аналарға жүргізілген сауалнама нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтану сапасын арттыру мақсатында аумаққа қарай сараланған төлем мөлшерін енгізу ұсынылды.

 
Облыста 1970 жылға дейін салынған 88 мектеп бар, тағы 96 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан. Осыған байланысты жаңа мектептер салу және қолданыстағы инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2027 жылға дейін өңірде 24 мектепті реновациялау жоспарланған. 2025 жылы 7 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық жабдықтар жаңартылды. Соңғы екі жылда 73 білім беру ұйымының күрделі жөндеуіне 14,8 млрд теңге бағытталды», – деді Бұлбұл Күзембаева.


 
 Облыс әкімі үш ауысымды, апатты мектептер және құрылысы ұзаққа созылған нысандардың мәселелеріне баса назар аударды. Қазіргі таңда өңірде екі үш ауысымды және екі апатты мектеп бар. Асхат Шахаров Байғанин, Мұғалжар және Шалқар аудандарындағы бірқатар нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстарының баяу жүруін қатаң сынға алып, бұл үшін аудан әкімдіктерімен салалық басқармалардың дербес жауапкершілігін атап өтті.
 
 Әлеуметтік нысандар құрылысының сапасына қатысты мәселелер де жеке қаралды. Атап айтқанда, облыс әкімі Шалқар ауданы №5 мектеп-гимназиясына салынған қосымша ғимаратқа байланысты ата-аналардың Мемлекет басшысына жүгінуге мәжбүр болған жағдайына назар аударды. Асхат Шахаровтың айтуынша, мұндай фактілер білім беру, құрылыс және бақылау салаларындағы жүйелі олқылықтарды көрсетеді.
 
 Сонымен қатар, өңір басшысы облыстағы 34 мектепте пәндік кабинеттердің жоқтығы, IT-компаниялар мен жоғары оқу орындарымен бірлескен дуалды оқытуды жүзеге асыру, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі бейімделген оқыту жүйелері мен аналитикалық платформаларды енгізу мәселелері бойынша нақты сұрақтар қойды.
 
 Жиынды қорытындылай келе, Асхат Шахаров педагогтердің біліктілігін арттыру, заманауи оқыту әдістерін енгізу, кәсіби бағдар беру және тәрбиелік жұмысты күшейту, сондай-ақ білім беру процесіне цифрландыру мен жасанды интеллектіні белсенді енгізу жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
 💬

«Мектеп бітіруші түлектер үшін кәсіпорындар, жоғары оқу орындары мен колледждердің қатысуымен кәсіби бағдар беру бағдарламаларын тұрақты негізде ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ ата-аналармен бірлесіп оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысын күшейту керек, өйткені бұл бағытта әлі де кемшіліктер бар. Білім беру саласында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізуге ерекше назар аудару қажет, себебі бұл бағыттар оқу сапасына және оқушылардың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп, облыстың кемінде 20 пилоттық мектебінде оқушылардың білім деңгейін талдайтын және бейімделген тапсырмалар қалыптастыратын жасанды интеллект негізіндегі платформаларды енгізукерек. Пилоттық жоба нәтижесінде оқу үлгерімі көрсеткіштерінің өсуі қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен қатар, басқарушылық шешімдерді уақтылы қабылдау үшін білім басқармасы деңгейінде жасанды интеллектке негізделген аналитикалық жүйені іске қосу маңызды. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындары мен колледждермен бірлесіп жасанды интеллект, IT-технологиялар және цифрлық дизайн бағыттары бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, сондай-ақ бағдарламалау және робототехника бойынша облыстық жарыстарды тұрақты өткізу қажет», – деп тапсырды облыс әкімі.