
Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақтөбе облысының шалғай жатқан ауылдарының бірі - Ырғыз ауданы Нұра ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) пайдалануға берілді.
Медициналық нысан Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде басталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында салынды. Құрылысқа облыстық бюджет пен елге қайтарылған активтер есебінен 327 миллион теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Кварц-Спецсервис» ЖШС жүргізіп, нысанды белгіленген мерзімде аяқтады.
Нұра ауылында қазіргі таңда 677 адам тұрады. Оның ішінде 201 бала, 74 зейнеткер бар. Жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктте 1 дәрігер, 3 мейірбике және 1 тазалықшы қызмет көрсетеді.
ФАП заман талабына сай бой көтерген, барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген және қолданыстағы санитарлық талаптарға толық сәйкес келеді.
Медициналық нысанның ашылу салтанатына Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев, аудан прокуроры Айдос Орынбасарұлы, сондай-ақ ауыл ақсақалы Нұрғали Сәрсенбаев қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады.
Жаңа медициналық пункт алдағы уақытта Нұра ауылы тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.