Ақтөбеліктер Тәуелсіздік күні «Азаттықтың ақ таңы» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды

Ақтөбеліктер Тәуелсіздік күні «Азаттықтың ақ таңы» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды

 

16 желтоқсанда «Азаттықтың ақ таңы» мемориалдық кешенінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Шараға облыс әкімі Асхат Шахаров, қала әкімі Азамат Бекет, облыстық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, еңбек ардагерлері, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақ өкілдері, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, сондай-ақ жастар өкілдері қатысты.

Рәсім Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолында жанын қиған елдің ұл-қыздарын еске алуға арналған бір минут үнсіздікпен басталды.

Іс-шарада өңір басшысы Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйледі. Ол Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманының орындалуы, халқымыздың еркіндігі мен елдігінің, бірлігі мен болашағының берік тұғыры екенін атап өтті.

«Бұл күн жерлестеріміздің бірлігінің, мемлекет қолдауы мен ортақ мақсатқа жұмылған күш-жігердің нәтижесі. Қол жеткізген жетістіктер – ел бірлігінің, тынымсыз еңбектің және Тәуелсіздігіміздің арқасында мүмкін болды. Тәуелсіздік тұғырын берік те, биік ұстаумен қатар азаттық жолында күрескен ұлт перзенттерін жадымызда сақтау да қасиетті парызымыз. Тұлғаларымызға тағзым жасап, ел тағдыры үшін күрескен қайраткерлерді еске алу міндетіміз. Олардың тағылымды жолы жастар үшін рухани бағдар болып, ел болашағына деген сенімді нығайтады», – деді өңір басшысы.

Асхат Шахаров еліміз бен Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуындағы халықтың бірлігі, тынымсыз еңбегі мен мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізілген маңызды жетістіктерді тілге тиек етті.

Сөз соңында әкім облыс тұрғындарына бейбітшілік, татулық және ертеңгі күнге сенім тіледі, сондай-ақ тек бірлік арқылы өңір мен елдің одан әрі дамуы мен өркендеуі мүмкін екенін айтты.

Салтанатты шара барысында мемориалға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Барлық қатысушы ел тағдырына үлес қосқан қаһармандардың рухына тағзым етті.

Тәуелсіздік күні қазақстандықтардың әрқайсысы үшін ел бірлігінің, бейбітшілік пен мемлекеттің болашағы алдындағы жауапкершіліктің символы болып қала береді.