
Азаматтарды қабылдау «Amanat» партиясының облыстық филиалы ғимаратында өтті.
Қабылдау барысында өңірдің 18 тұрғыны өздерінің күнделікті өмірде туындаған түрлі мәселелерін айтып, көмек сұрап келді.
Кей азаматтар баспана мәселесін көтерсе, енді біреулері жер телімін алу жайында сұрақ қойды. Аулада абаттандыру жұмыстарын жүргізу туралы өтініштер болды. Сондай-ақ көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы дүкен иесінің рұқсатсыз құрылыс жүргізіп жатқанына шағымданғандар да кездесті. Бірқатар азамат жұмыспен қамтуға қолдау көрсетуді сұрады.
Асхат Шахаров әрбір өтініш иесінің сұрағын мұқият тыңдап шықты.
Облыс әкімі тұрғын үй мен жер телімдерін беру тек кезек тәртібімен және қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жүргізілетінін атап өтті.
Қалған өтініштер толық шешімін тапқанға дейін салалық қызметтердің бақылауында болады.