Өңірде құқықбұзушылықтың алдын алу және отбасы қауіпсіздігін күшейту талқыланды

Өңірде құқықбұзушылықтың алдын алу және отбасы қауіпсіздігін күшейту талқыланды


Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия және нашақорлықтың алдын алу мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік штабтың бірлескен отырысы өтті.

Шараға прокуратура, мемлекеттік құрылымдар мен құқыққорғау органдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібінде өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу, отбасы мүддесін қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралды.

Облыс прокурорының орынбасары Айбек Тағыберген жалпы қылмыс деңгейінің 6,6%-ға төмендегенін атап өтті. Алайда ол алаяқтық фактілерінің өсуіне, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар мен отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың көбеюіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен психологтар тарапынан профилактикалық жұмысты күшейту қажеттілігіне назар аударды.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтардың артқанын және олардың алдын алу шараларын баяндады. Оларға қорғаныш ұйғарымдары, дағдарыс орталықтарының жұмысы, ақпараттық науқандар және психологиялық түзету көмегі жатады.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау облыстық департаментінің басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Сүлейменова дәрілік заттар, әсіресе есірткі және психотроптық заттардың айналымын бақылау, анықталған заңбұзушылықтар мен оларды жою шаралары, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен фармацевттерге түсіндіру жұмыстары туралы хабарлады.

Баяндамаларды тыңдаған облыс әкімі отбасыны қолдау орталықтарының және барлық оған қатысты құрылымдардың жұмысын толық әрі жүйелі бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар әлеуметтік жағынан осал отбасыларды құқықтық, медициналық және психологиялық көмекпен қамтуды міндеттеді.

«Біздің негізгі мақсатымыз – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар үшін қауіпсіз әрі лайықты жағдай жасау. Әрбір тапсырма сапалы әрі уақытында орындалуы тиіс. Жауапты басшылардан бұл мәселелерді тұрақты бақылауда ұстап, формалды емес, нақты жұмыс жүргізуді сұраймын», – деді өңір басшысы.